377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада суағар салу мәселесі өзекті болып тұр

  • 67
  • UPD: 22:03, 12.02.2020

Елорда маңындағы елді мекендерде 100 көше, 5 медициналық мекеме, 4 спорттық кешен жөндеуден өтеді. Кейбірі жаңадан салынады. Жылы аялдамалар қойылады. 10 мың орынға арналған жаңа мектептер бой көтереді. Қаланың өзінде тұрғын үй құрылысы қарқын алады. Мұны халықпен жүздесіп, есептік кездесу өткізген қала әкімі Алтай Көлгінов айтты. 

Әкім былтыр істелген шаруаларға есеп беріп, биылғы жұмыс жоспарымен бөлісті. Сонымен атқарылатын істі айталық. Атқарылғанын халық көріп жүр ғой. Бірінші мәселе  - бас қалада осы күні 3 ауысыммен жұмыс істейтін 8 мектеп бар. 14 білім ордасында оқушылар шамадан тыс көп. 

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Оны қалай шешу керек? Өткен жылы біз 6 мектеп аштық. Ол жерде 5 мың орынға баланы қамтамасыз еттік. Биыл біз өткен жылдан 2 есеге көп мектеп ашамыз. Өткен жылдан басталған мектеп биыл аяқталады. 10 мың орындық мектепті біз аяқтаймыз. Ол да едәуір жеңілдетеді. Бірақ ол да әлі жеткіліксіз. Сондықтан біздің кешенді жоспарымызда 50 мектеп салыну жоспарланған. 

Целиноград кезінде мұнда 400 мыңдай адам тұратын. Елорда болғалы халық саны еселенді. Бас қаланың қазір 1 миллион 200 мыңдай тұрғыны бар. Жылына 25 мыңдай сәби дүниеге келеді. Тиісінше үй керек. 48 мыңдай адам баспана кезегінде тұр. Құрылыс жинақ банкінен есепшотын ашқан 214 мың салымшы тағы бар. Сондықтан ел астанасында тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есе өспек. Былтыр 2900 азамат пәтерге ие болған.  

Қорған Төреқожа, тілші:

- Биыл 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл шамамен 8 мың пәтер. Ал 2021 жылы сегіз жарым мың пәтер пайдалануға берілмек. 

Тұрғын үй дегенде проблемалық нысандарды айтпасқа болмас. Бас қалада құрылысы тұралаған 42 үй бар. 14 мыңдай үлескер пәтерлерін ала алмай жүр. Бірақ, бұл мәселе шешілмейді емес. 

Әлия Бектұрсын, құрылыс компаниясының ресми өкілі:

- Айта кету керек, осы 2020 шы жылы 20 объектінің құрылысы аяқталып пайдалануға беріледі. Қалған 22 объекті осы 3 жылдықта 2021-22-23-тің соңына дейін аяқталады. 

Тек қаланың іші емес, сыртқы аудандар да аталды бүгін. Бас шаһар маңында 280 мыңнан астам адам тұратын 16 елдімекен бар. Бұл қала халқының 25 проценті. Шеткі ауданда 100 көше жөнделеді. Кейбіріне жаңадан салынады. Кәріз, су жүйелері ауыстырылады. 

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Кирпичный тұрғын алабында ауыз су мәселесі өткір тұр. Тұрғындармен кездескенде бұл проблемаға көз жеткіздім. Интернациональныйға су ағарлар керек. Агроқалашыққа жол, Өндіріс тұрғын алабына мектеп қажет. Үркерде 10 жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған инфрақұрылым бар. Ол су, кәріз, жарық жүйелері. Кезінде мердігер компания шаруаны аяқтамай тастап кеткен. Енді соны біз істейміз. Шеткі аудандарда аталған шаруаны орындау үшін қаржы бөлдік. 

Бас қалаға суағарлар керек. Әйтпесе жаңбыр жауса болды шаһар ішін су алып кетеді. Елордада мұндай 30-дан астам аумақ бар. Былтыр мыңжылдық тұрғын жайы маңында бұл проблема шешілген. Қазір Момышұлы мен Иманов көшелерінде су ағарлар жасау қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыс биыл Тұран даңғылында да басталмақ. «Айтқан бөліктерде суағарлар 2021 жылы толық салынып бітеді» деді әкім.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Жандос Битабаров, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы