426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан экономикасына жемқорлық кесірінен бір жылда 24 млрд теңгеден астам зиян келген

  • 404
  • UPD: 12:23, 13.02.2020

Былтыр елімізде 1 мың 717 коррупциялық қылмыс тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның жартысынан астамы пара алу және пара берумен байланысты. Ал мыңнан астам жауапты тұлға сотты болған. Жемқорлықпен күресудің тиімді жолдарының бірі – жазаны күшейту.

Бұл – Алматыдағы Бостандық аудандық сот төрағасының парамен ұсталған сәті. Бейнекөріністе судьядан шетелдік банкноттар тәркіленгені анық көрінеді. «Тура биде туған жоқ» дейтін қағидадан аттаған судья борышкер азаматтың шетелге шығуына көмектескен көрінеді.  

Мақсат Халық, экономист:

– Сыбайлас жемқорлық туралы айтатын болсақ, бұл қазіргі таңдағы бр тұтастай экономиканың, мемлекеттің дамуын тежегіш үлкен қасырет деп атауға болады.

Жуырда Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіндегі екі бірдей басшы да сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен уақытша ұстау абақтысына қамалды. Лауазымды тұлғалар «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде белгілі бір серіктестікке қамқорлық көрсету үшін, оның өкілінен 35 миллион теңге пара алды деген күдік бар.

Жігер Байділдин, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда әкімдіктегі екі лауазымды тұлға уақытша ұстау абақтысына қамалған, сонымен қатар кәсіпкер пара беруші тұлға да,уақытша ұстау абақтысына қамалған, өйткені біздің заңымызға сәйкес пара беруші де пара алушы да қылмыстық жауапкершілік көзделген, қазіргі таңда тергеу амалдары қарастырылуда.

Параның мөлшері әртүрлі. Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару керектігін айтты. Оларды қоныс колониясында емес қатаң режимде ұстауды және айыппұлды алып тастауды ұсынды.

Мақсат Халық, экономист:

– Мысалы, миллиардтап ақша алады да, нәтижесінде белгілі бір кезеңге отырады. Және шартты түрде деп бір 2-3 жылдан кейін босап шығып кетеді. Жаза қатал болған сайын сол дүниеге деген ұмтылыс та азаяды. Көш бастап отырған дамыған елдерді қарайтын болсақ, оларда жаза өте қатаң.

Былтыр Қазақстан экономикасына коррупцияның кесірінен 24 миллиард теңгеден астам зиян келген. Егер агенттіктің ұсынысы қолдау тапса, жемқорлар айылын тияр еді дейді сарапшылар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы