418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордайдағы оқиға: Қырғызстанға өтіп кеткен 2 мыңға жуық дүнген туыстарын паналап отыр

  • 664
  • UPD: 13:53, 13.02.2020

Қырғызстанда Қазақстаннан барған этникалық дүнгендердің саны 2 мыңға жуық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дені Шу облысының Токмок қаласында тұрып жатыр. Бұл азаматтар туыстарының, не жанашыр адамдардың үйін паналап жүр.

Қазақстаннан келген азаматтарды Токмоктағы мешіттердің бірі тамақтандырып жатыр. Бір қазан палау 600 адамға жетеді. Аспаздар жексенбі күні кісі көп болғанын айтады. Алайда қазақстандықтар біртіндеп үйлеріне орала бастағаннан кейін адам саны біршама азайған.  

Еліміздегі тәртіпсіздіктерден кейін этникалық дүнгендер осы Токмок қаласына барған. Бұл шаһарда қырғызстандық дүнгендерде де тұрып жатыр. Көбісінің мұнда туыстары мен таныстары бар. Тамақтан бөлек, оларға киім-кешек, көрпелер мен гигиеналық заттар таратылды.  

Арлиев Тахир, Токмок қаласының тұрғыны:

– Өздері келіп жатқандар бар. Олар тамақты өздері алып кетеді. Одан бөлек, таксистер де келіп жатыр. Бірнеше кісіге арналған асты алып кетіп, кейін оны өздері тасиды. Жүргізушілер мұны тегін істеп жатыр.

Тәртіпсіздіктерге байланысты Қазақстаннан Қырғызстанға барғандардың ешқайсысы сұхбат беруге құлықсыз. Ресми гуманитарлық көмек бекеті ашылған алғашқы күндері босқын ретінде тіркелгісі келгендер аз болды. Өйткені көбі жағдай тұрақтанғанша, туыстарының үйін уақытша паналауды жөн көрген.  

Нурдин Нухманов, Токмок қаласының тұрғыны:

– Әзірге дөп басып айту қиын. Бірақ келгендердің көңіл-күйіне, айтқандарына қарасақ, олардың үйлеріне қайтқысы бар.

Қырғызстанға Қазақстаннан барған этникалық дүнгендердің нақты саны белгісіз. Кей мәліметтерге қарағанда, мұнда паналап келгендердің саны шамамен бір жарым мыңнан 2 мыңға дейін жетеді. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы