424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл соңына дейін 1000-нан астам ауыл жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады

  • 634
  • UPD: 16:49, 13.02.2020
Жыл соңына дейін 1000-нан астам ауыл жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады

Тиісті меморандумға қазақстандық мобильді байланыс операторлары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевпен кездесу барысында қол қойды.

Бүгін «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіретін «Кселл» АҚ мен «Мобайл телеком-сервис» ЖШС және «Кар-Тел» ЖШС ұялы байланыс операторлары 2020 жылдың соңына дейін тұрғын саны 250 адамнан асатын ауылдарды мобильді байланыспен қамтамасыз ету үшін желіні бірлесіп салу және жиіліктерді пайдалану туралы уағдаласты. Жоба Елбасының тапсырмасын іске асыру және Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев атап өткендей, ауылдық елді мекендер жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен бекітілген жоспар-кестеге сәйкес қамтамасыз етіледі.

«Біздің кездесулеріміз бен жүргізген талқылауларымыздың нәтижесінде осындай келісімге келгенімізге қуаныштымын. Жұмыс жоспары әкімдіктермен пысықталып бекітілді, оған тұрғын саны 250 және одан көп 1000-нан астам ауыл еніп отыр. Еліміз үшін жобаның маңыздылығы зор. Бұл ауыл тұрғындары жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қатар, электрондық қызметтерді, қашықтан оқыту және т.б. пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Байланыс операторларының жобаны күш біріктіре отырып, жүзеге асыруға шешім қабылдағаны қуантады», - деді Асқар Жұмағалиев.

Айта кетейік, жоба телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылдың соңына дейін ауылдардың 93%-і кең жолақты интернетпен қамтылады.

Ақпарат көзі: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы