381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да шетелде тіркелген 42 мың көлік бар

  • 127
  • UPD: 20:13, 13.02.2020

Соңғы екі жылда Батыс Қазақстан облысына Еуразиялық Экономикалық одақ елдерінен 42 мың автокөлік кірсе, соның 38 мыңы Қырғызстаннан, мың жарымы Армениядан, қалғаны Ресейден әкелініпті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ақпан айының басынан бері соның тек 4-і тіркеуге қойылған. Ал қалған көлік иелері алым-салықтың мөлшерін білумен шектелген.

Әнуар Шаймарданов аймақта алғашқы болып, темір тұлпарын уақытша тіркеуге қойды. Көлігі жаңа болғандықтан, бастапқы тіркеу құны тек 660 теңгені құрапты. Енді ол бір жыл ішінде утилизациялық алымды төлемекші.

Әнуар Шаймарданов,  Бәйтерек ауданының тұрғыны:

– Көлікті мен осыннан, қаладан алдым. Енді оны өзіме аударуға, қазақстандық нөмірге әзірге ақшам жоқ. Сондықтан уақытша тіркеуге қойып жатырмын.

Луиза Құсайынова, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының директоры:

– 1 ақпаннан бастап 10 күнде ресейлік 4 көлік уақытша тіркелді. Біздер жексенбіде де жұмыс істеп жатырмыз. Халық келіп, біріншіден, нақты мәлімет алып жатыр.

Арнайы орталықтан ақпарат алушылар болғанымен, көлігін тіркеп жатқандары аз. Тұрғындар түрлі төлемдердің көптігін айтады. Санай беріңіз, егер автомобильдің жасалғанына 3 жылдан асса, бастапқы тіркеу алымы 1 миллион 350 мың теңге. Бұл – баршаға ортақ. Келер жылы көлігіңізді елден кері шығарсаңыз да, ол ақша қайтарылмайды. Келесі – утилизациялық алым. Ол көлік қуатына байланысты. Қозғалтқыш көлемі 2 мың текше сантиметр болатын көлікке 927 мың теңге төлейсіз. Соңғысы – кедендік баж.  Салықтың бұл түрі армениялық, қырғызстандық көліктерге қатысты.

Қадырғали Баймұқанов, Орал қаласының тұрғыны:

– Сары  нөмір алайын десе 6-7 млн теңге. Бұл халыққа обалдау ғой. Дүкенде тұратын 5-6 млн-ның көлігін. Обал халыққа. 1 млн болса жақсы,  миллион жарым болса. Кішкене азайтса, халық онсыз да тіркейді. Менің айтайын дегенім, халыққа жеңілдік керек.

Азамат Есенғалиев, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

– Бізге негізінен, 5 жылдан асқан көлік иелері келеді. Кедендік баж салығының белгіленген коэфициенттері бар. Егер мысалы, сіздің көлігіңіздің двигатель көлемі 2 мың текше сантиметр болса, оның ставкасы 4,8. Одан соң сол шыққан санды евроның курсына көбейтеміз. Сонда сіз 4 миллион 619 мың теңге төлейсіз.

Ерболат Мұсағалиев өткен жылы Армениядан екі автомобиль айдап келіпті. Бірін өзі тақымға басса, екіншісін зайыбы тізгіндейді екен. Шеттен келген көліктердің мәселесін көтеріп жүрген азамат уақытша тіркеу шарттарының  оңай еместігін айтады.

Ерболат Мұсағалиев, Орал қаласының тұрғыны:

– Өте көп нәрселер. Оларды төлеу мүмкін де емес. Ондай мүмкіндігіміз болса, халық осы жерден жүріп алады ғой. Осындай жағдайы жоқ болғасын, амал жоқ, таулы-тасты, құзды жолдармен барып, өмірін қауіпке тігіп әкеліп жатыр. Оның бәрі ойыншық нәрсе емес. Халықпен ойнау былай қарағанда. Тіркеді, барып алып келдік. Ешқандай кінәміз жоқ. Ешқандай халықтың кінәсі жоқ.

Соңғы екі жылда өңірге Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 42 мың көлік кіріпті. Егер Армениядан әкелінген автомобильдердің жайы салыстырмалы түрде алғанда тәуірлеу болса, Ресейден енгендерінің басым бөлігі тозығы жеткен техника. Ал «Еуро-4», «Еуро-5» санатына жатпайтын көліктер мүлде тіркелмейді екен. Сонда оларды иелері қайда жібермек. Бұл да көптің көңіліндегі сауалдардың бірі.

Авторы: Ерденбек Жылқайдарұлы

Хабар 24 телеарнасы