443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда климаттың өзгеруі байқалды

  • 328
  • UPD: 16:55, 14.02.2020

Қазақстанда климаттың өзгеріп жатқаны байқалады. Оған дәлел биыл қыс жылы болды дейді мамандар. Еліміздің бір өңірінде боран болса, енді бір жерде күн жылы.

Ғалымдардың зерттеуі көрсеткендей, 1980 жылдан бастап ғаламшардағы орташа температура 0,8°С-ге көтерілді. Егер зерделеп қарар болсақ, климаттағы 20 өзгерістің 19-ы 1980 жылдан кейінгі уақытқа тұспа-тұс келеді. Жаһандық жылыну Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Мәселенің өзектілігі жыл сайын арта түсуде. 

Сәулет Сәкенов, климаттың өзгеруі жөніндегі жобалардың бас кеңесшісі:

- Биыл қыста аздаған аязды күндер болды. Бірақ бұл өте суық қыс деп айта алмаймыз. Біз жасаған бақылауға байланысты Қазақстанда соңғы жылдары қыс мезгілі жылы болып жүр. Бұл жаһандық жылынудың тікелей әсері деп білеміз. 

Егер бұрын қыс мезгіліндегі орташа ауа температурасы -12, -15 болса, қазір бұл баған -10, -9, тіпті одан да төмен градусты көрсетіп тұр. Дегенмен биыл елордада қар қалың түсті. Күн күрт жылыса, еріген су біраз әуреге салуы әбден мүмкін. 

Меруерт Сақымова, «Қазгидромет» РМК  жетекші инженер-синоптигі:

- Биыл ең суық ауа көрсеткіші қараша айында байқалды. Қыс жалпы жылы болды. Көктем де биыл ерте түседі деп күтілуде. 

Климатолог мамандардың айтуынша, қыстың бұлайша жылы болуы ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақтарға үлкен зиян келтіреді. Себебі өнімнің сапалы болуы 70 процент ауа райымен байланысты. Сондай-ақ климаттың өзгеруі адам ағзасына да әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, табиғаттың түрленуінен өлім-жітім артып, көрсеткіш жылына 200 мыңға дейін көбеюі мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы