443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында ең қарт волонтер туған өлкесін үнемі қардан тазартады

  • 182
  • UPD: 16:15, 14.02.2020

Қарағанды облысындағы ең қарт волонтёрдің жасы 82-де. Нұра ауданының Тікенекті ауылында тұратын Минниагзам Авлияров қыста қар күреп, жазда шөп шауып, жерлестеріне тегін көмектеседі. Ауылдастары оны «Сарыөзендік супермен» деп атап кеткен.

- Бүгін қар көп түсіпті, барып тазалау керек болар. 

80-нің сеңгіріне шыққан Минниагзам Авлияровтың күнделікті тірлігі осы. Таңмен таласа тұрып, ауыл ішін қардан аршиды. 

Ең әуелі мектеп пен аурухана, мәдениет үйі және аудан орталығына апаратын жолды тазартады. Соның арқасында балалар қыс бойы сабаққа қиналмай барып жүр, жедел жәрдем көлігі де кедергісіз кіріп-шығады. Ең бастысы, бұл еңбегі үшін ақсақал ешкімнен ақы сұрамайды. 

Рамазан Әбілдинов, тікенекті ауылының тұрғыны:

- Мынаны жанар-жағармайға жұмсаңыз деп тиын-тебен беріп жатсаң, ол кісі көңіліне алып, ренжіп те қалатын уақыттары болады. Ол кісіге оны ешкім айтпайды да, сұрамайды да, өтінбейді де. Бірақ өзінің сол ежелден келе жатқан дағдысына салып, бораннан кейін тазалап отырады. 

Ақсақалдың ұлты башқұрт. Қазақстанға тың игеру жылдары келіпті. Ұзақ жылдар Тікенекті ауылында механизатор болып еңбек еткен. Қыс бойы қармен алысқан қария көктем шығысымен көпірлерді тазалап, бөгеттердің бұзылмауын қадағалап отырады екен. Ал жазда көмекке мұқтаж отбасыларына тегін шөп шауып, қысқы азығын жинап береді.  

Минниагзам Авлияров, тыл ардагері:

- Ауыл өзіміздікі ғой. Балалар сабаққа келеді. Жол болмаса биттей балаларға қиын ғой. Қар биыл күшті, көп түсті. Биыл су көп болады. Көктемде мұның бәрін тазалап су баспайтындай жағдай жасау керек қой. Анда екі бөгет бар. Су тасығанда үнемі судың басында боламын. 

Қарияның сауапты ісінен ауыл жастары да сабақ алып, қар тазалау жұмыстарына белсенді қатысып жүр. 30-ға жуық волонтёр трактор бара алмаған аулаларды ақ ұлпадан аршиды. Олар ақсақалды «Сарыөзендік супермен» деп атап кеткен. Өткен жылдың соңында ол «Шапағат» медалімен марапатталыпты.

- Тікенекті ауылының халқы, біз біргеміз. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы