447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда бір жарым айдың ішінде 22 адам алаяқтарға алданып қалған

  • 265
  • UPD: 20:42, 14.02.2020

Ақмола облысында алаяқтық өршіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Көкшетау қаласында былтыр осындай 35 дерек тіркелсе, биыл небәрі бір жарым айдың ішінде 22 адам алаяқтардың қармағына ілінген. Аймақта әсіресе ғаламтор арқылы адамдарды алдап соғу деректері жиілеп кеткен. Осыған орай жақында облыстық полиция департаменті әлеуметтік желі арқылы халыққа арнайы ескерту жолдады.

Жалпы қазір алаяқтық деректері көбіне онлайн несие рәсімдеу, пәтерді жалға беру және көлік сатылымы саласында жиі кездеседі. Ал көкшетаулық Еркеғали Бодауов енді бұлардың біріне де алдана қоймаспын дейді. Себебі ондайды өз басынан өткізген. Сан соғып қалмаса да, алаяқтардың сан түрлі айласы бар екенін пәтер іздеу барысында әбден зерттеп, біліп алған. Ал досы бір көліктің құнын сатушыға алдын ала аударам деп оңбай алданыпты. Сондықтан енді сақ жүрем дейді, жас жігіт.

Еркеғали Бодауов, қала тұрғыны:

– Хабарландыру береді. Әдемі суреттер шығарып қояды. Қарасаңыз, бағасын арзан қояды. Ал сондай пәтерлерді қарасаңыз, 80-90 мың шамасында. Егер бірінші болғыңыз келсе, маған алдын ала бір бөлігін жібер, басқа елде жүрмін деп алдайды. Ондай нәрсе ОЛХ-те көп кездеседі.

Ал жыл басынан бері қалалық полиция бөліміне арызданғандардың көбі құжаттарын ғаламтор арқылы бейтаныс адамдарға беріп қойып, кейіннен өз аттарына қалай несие рәсімделгенін байқамай қалғандар. Қалғандары пәтер немесе көлік сатып алу барысында опық жеген адамдар.

Ислан Баймұқанов, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімі басшысының орынбасары:

– Мысал ретінде айтатын болсақ, жуырда бізге Көкшетаудың тұрғыны келіп арыз жазды. Колесо.кз сайтында 14 млн тұратын автокөлік көріп, алдын ала одан қылмыскерлер 2 млн теңге сұраған. Олар 2 млн лақтырғанда, телефон сөніп қалған. Бұл бойынша қазір жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Полицейлердің айтуынша, ғаламтор арқылы жасалған осы тектес қылмыстарды ашу оңай емес. Себебі күдіктілердің байланыс нөмірлері мен басқа да деректерінің барлығы уақытша ғана. Содан болса керек, былтырғы тіркелген 332 қылмыстың осы күнге дейін тек 70-і ғана әшкереленген. Сондықтан тәртіп сақшылары, әлем желі арқылы саудаласқанда аса сақ болуға шақырады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы