411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында санитарлық көліктердің 70% ескірген

  • 226
  • UPD: 21:01, 14.02.2020

Тозығы жеткен техника шалғайдағы елді мекендерден бөлек, қала мен аудандардың да басты проблемасына айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бұл автомобильдердің басым бөлігінің қолданысқа берілгеніне 18 жылдан асқан. Техниканы жөндеп, қалыпқа келтіруге медициналық мекемелер жылда қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Санитарлық көліктер қашан жаңарады?

15 жыл бұрын шығарылған УАЗ-ды Серікбай Аюпов айына кемінде екі рет жөндейді. Бүгін ол Жданов ауылынан ауыр халдегі науқасты аудан орталығына жеткізді. Енді жолға шығу үшін тағы да моторды шұқылаумен  әлек.   

Серікбай Аюпов, жедел жәрдем көлігінің жүргізуші:

– Маған дейін 3 ауылда болған. Мен алып отырған үшінші шопырмын. Жиі сынады. Өзіміз қыздырып жүрміз. Қосалқы бөлшектерін беріп тұрады. Сынғанда, жөндеуге апарады.

Қостанай ауданында халық тығыз орналасқан. Дәрігерлік амбулаторияны, медициналық пунктерге және орталық ауруханаға 27 көлік қызмет көрсетеді. Ең ескісі 2002 жылы шығарылған. Барлығы 100 процент тозған. Биыл техникаларды жөндеу үшін медициналық мекеме бір миллион теңге ақша шығармақ. 

Сырлыбек Месжанов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:

– Жақында алған автокөліктеріміз 2015, 2016, 2017 жылғылар. Олар шұғыл түрде көмек беретін бригадаларға бөлінеді. Қалғандарында 2000 жылдан бергі автокөліктер. Олардың жүргендеріне 20 жылдың маңайы болды.

Шұғыл жәрдем станциясында жағдай басқаша. Мұнда соңғы үш жылда ескі арнайы көліктердің үлесі жартысына қысқарған. Тағы 35 проценті жаңартуды қажет етеді. 

Ирина Штейгервальд, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

– Әсіресе, ауылдарда бұл проблема әлі күнге өзекті. Дегенмен бұл бағытта жұмыс жалғасады. Биыл автопаркіміз 26 реанимобильмен толығады. Олардың барлығы облыстағы ауыл, қалалардағы станцияларды жабдықтауға жұмылдырылады.

Әзірге ауруханалар, амбулаториялар және медициналық пунктердің көліктерін жаңарту мәселесі қиындау. Болжам бойынша автопарктің 70 процентін жаңарту қажет. Есептей келгенде, бұл – 300 арнайы темір тұлпар. 

Данияр Жандаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Соңғы 3 жылдық кезеңді саралайтын болсақ, аудандық орталық ауруханалар бойынша бар-жоғы 22 санитарлық көлік сатып алынды. Әрине, мұның бәрі қаржыландыруға келіп тіреледі. Бүгінде облыстық әкімдік аудандық емдеу мекемелерінің автопаркін жаңғырту үшін қомақты қаражат бөліп отыр.

Биыл жарты миллиард теңгеге 80 санитарлық көлік сатып алу көзделген. 70 техника ауыл мен аудандарға жіберіледі.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы