432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қаржы пирамидаларының құрбанына айналмау үшін не істеу керек

  • 463
  • UPD: 20:44, 14.02.2020

Елде оңай олжаға кенелем деп алаяқтардың қармағына түсіп қалғандар көбеймесе, азаймай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біреудің жылдар бойы жинап келген қаржысын қалтасына басып, ізім-қайым жоқ болып кететіндерді тыю үшін заңды күшейту керек дейді азаматтар.

Талгүл есімді азаматша – шетелдік алаяқтардың құрбаны. Осыдан 4 жыл бұрын екінші деңгейлі банктегі бар депозитін шетелдік қаржы пирамидасына аударған. Ұйым өкілдері жыл сайынғы емес, тіпті ай сайынғы сыйақының пайыздық мөлшерлемесімен қызықтырған көрінеді. Талгүлдің бірнеше миллиондаған жинақ қоры екі еселенгенімен, оны қолма қол ақшаға айырбастап алу мүмкін болмапты. Оның орнына желілік маркетинг өкілдері қосымша жарна сұраған. Камера алдында сөйлеуден бас тартты.

Ересек адамдардың балаша алдануына не себеп? Психолог Зарина Штеердің айтуынша, азаматтардың көбі ауырдың астымен жеңілдің үстімен қыруар қаржыға кенелгісі келеді. Сан соғып қалғанда, бірден жарияға жар салудың орнына, жақындары мен туыстарынан жасырып, өзге адамдардың сыни пікірінен ұялып жүреді. Мәселен, бұл - камераға сұхбат бергісі келмеген Талгүлдің жағдайындағы психологиялық жағдай.   

Зарина Штеер, психолог:

– Адамзаттың табиғи болмысы тапқан қаржысын үнемдеуге және оны одан сайын арттыруға негізделген. Ежелден бергі түсінік осындай. Бұл физиология. Ал психо-эмоционалдық жағынан алып қарасақ, қарапайым сөзбен айтқанда, адам баласы қысқа уақыт ішінде байығысы келеді. Алайда олардың осы талпынысын өзгелер өздерінің оң жамбасына пайдаланады.

Қаржылық пирамиданың құрылымын толық түсінбей, көпшілік желілік маркетинг арқылы алданып жатады. Түбінде зардап шеккендер алаяқтардың емес, өздерінің асқақ армандарының құрбанына айналады дейді Зарина Штеер.

Зарина Штеер, психолог:

– Алданған адам басында өзінің құрбанға айналғанын іштей сезсе де, соңына дейін сенгісі келмейді. Ақшасын бірден ала алмайтынын білген соң агрессия басталады. Одан кейін қаржылық ұйымның қызметін іштей ақтауға тырысады. Ізінше депрессия басталады. Артынша болған жайды сана сүзгісінен толық өткізгенімен, кімге барып айтарын, кімнен көмек сұрарын білмейді.

Осылайша егер сіз қаржыгер болмасаңыз, қаржылық сауатыңыз аз болса, кез келген қаржылық операция алдында арнайы консультациялық орталықтарға барып, кәсіби мамандармен, оның ішінде финансистпен қатар, экономистпен және заңгермен кеңескеніңіз жөн.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы