425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теміртаудағы «қара қардың» себебі анықталды

  • 455
Теміртаудағы «қара қардың» себебі анықталды

Осыдан тура екі апта бұрын Теміртауда жауған «қара қардың» себебі бүгін белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі жылу энергия орталығында ақау шығып, мазут толық жанбаған. Соның салдарынан мұржадан шыққан қара түтін қаланы басқан. Дегенмен қазір орталық жұмысы қалпына келтірілді деді кеңестің кезекті жиынында компания өкілі. Алайда экологтар мұндай жағдай жылына кем дегенде 20 рет тіркелетінін айтып отыр. Тек көпшілігі белгісіз өтеді екен.

Айта кетейік, Теміртау – еліміздегі ең лас қалалардың бірі. Мұндағы қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтардың 77 пайызы металлургиялық комбинаттың үлесінде. Алпауыт кәсіпорын жылына 200 мың тонна өндіріс қалдығын ауаға бөледі екен. Бұл көрсеткішті азайту үшін олар кешенді бағдарлама қабылдап, газ бен шаңды сүзгіден өткізетін бірнеше қондырғы орнатқан. Сонымен қатар табиғат жанашырлары ауаға таралатын зиянды заттардың картасын жасапты. Бұл келешекте оның көзін табуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Дмитрий Калмыков, эколог:

– Аз уақытта нәтижесі болады деуден аулақпыз. Теміртаудың экологиялық жағдайын жақсарту үшін кешенді әрі табанды еңбек қажет. Егер ресми мәліметке сенсек, қалада жыл сайын ауаға таралатын зиянды қалдықтың мөлшері артқан жоқ. Бірақ көпшіліктің пікірі басқа. Сондықтан оны зерттеу керек, қоршаған ортаны жақсарту жұмыстарын бірлесіп атқаруға тиіспіз. Ең бастысы, бұған қатысты барлық ақпарат ашық әрі тұрғындарға қолжетімді болуы қажет.

Хабар 24 телеарнасы