429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қаржы пирамидасының құрбандары құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр

  • 544
  • UPD: 22:34, 14.02.2020

Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталғандар 2 айға тергеу абақтысына жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін облыстық сот айыпталушылардың аппеляциялық шағымын өзгеріссіз қалдырды. Естеріңізге сала кетсек, «Голд» деген атаумен салымшылардың қаражатын жиып келген компания әшкере болған еді. Заңсыз ақша операциясын жүзеге асырып, оған басшылық етті деген күдікпен ресейлік екі азамат тұтқындалған. Жер сипап қалған салымшылар болса өткен жұмадан бері түрлі құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр.

Тергеу абақтысына жабылған күдіктілердің аппеляциялық шағымы жабық есіктің ар жағында өтіп жатқанына қарамастан жүзден астам ақтөбелік облыстық сот ғимараты маңына жиналған. Олардың барлығы – «Голд» компаниясының салымшылары. 300 мың теңгеден беріп, артынша 200-250 проценттік үстемемен қайтарып алудан үмітті болған жандар. Олар бір ауыздан бұл мекеменің жұмысын қайтадан жандандыруды талап етіп отыр.

Гүлнази Құрманғазина, салымшы:

– Бір ай уақыт берсін, біз ақшамызды шығарып алайық. Ешкім де ақшасын салмайды. Алады, өздері шығып кетеді.

Алайда полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, мұндай жүйемен елімізде кәсіпкерлікті жүзеге асыруға рұқсат жоқ. Қылмыстық кодекстің «қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Және күдіктілердің әрекетінен зардап шеккендерден арыздың бар-жоғына қарамастан, іс тергеліп, сотқа жіберіледі. Себебі тәртіп сақшыларының сұранысына ұлттық банк бұл серіктестіктің ешқандай қаржы институтында жеке есеп-шотының жоқ екендігін жеткізген. Және бірде-бір салық төлемдерін де жүргізбепті.

Самат Аисов, облыстық ПД басшысының орынбасары:

– Бұл серіктестікте шетелге ақша аудару үшін ашылған валюталық есеп шоты да болмаған. Күдіктілердің айтуынша, олар канадалық алтын өндіруші компанияға инвестиция жөнелтіп отырыпты. Бірақ аталмыш есепшотсыз бұл операция мүмкін емес. Яғни буклеттерінде көрсетілген ақпараттың барлығы шындыққа жанаспайды. Ешқандай инвестициялық қаржы аудару жүргізілмеген.

Полицейлер осы уақыт аралығында 500-ге жуық зардап шеккен азаматтың арызын қабылдадық дейді. Бірақ бұл салымшылардың жүзден бір бөлігі ғана болуы мүмкін. Себебі көпшілігі әлі күнге дейін зардап шеккендерін мойындамай отыр. Әлемге танымал психолог Эрик Берн мұндай жағдайды адамзат түйсігін трансактілік сараптау барысында түсіндіріп өткен. Яғни олар ішкі дүниесінде сақталған балалық көңілге иек артқанды жөн көреді.

Иван Кузнецов, психолог:

– Қаржы пирамидалары нарықта қабылданған ортақ ережелермен жұмыс істесе, оған ешкім бармас еді. Бірақ олар тек жақын жандар арқылы ғана кәсібін жүзеге асыра алады. Яғни сіздің туысқаныңыз, таныстарыңыз белгілі бір ұйым арқылы пайдаға кенелгенін айтса, сіз оған күмәнсіз сенесіз. Осындай әрекет арқылы көпшілік құрбанына айналып жатады. 

Полицейлер салымшыларға әлі де болса арыз жазу керектігін айтып отыр. Сонда ғана қаражатты қайтаруға мүмкіндік болатынын түсіндірді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы