423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

М.Әуезов атындағы театр актерлері басшы Сәбит Әбдіхалықтың қызметтен кетуін талап етуде

  • 1286
  • UPD: 22:39, 14.02.2020

Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан жік шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір актерлер қазіргі директор Сәбит Әбдіхалықтың қызметтен кетуін талап етсе, екінші тарап қалсын, жұмысын жалғастырсын деп отыр. Осы мәселеге қатысты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнер ұжымымен кездесу өткізді.

Бүгінгі жиналысқа театр директоры Сәбит Әбдіхалықтың өзі қатысқан жоқ. Жүрегі сыр беріп, шетелде емделіп жүр деді көмекшілері. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, оның жұмысынан бірнеше олқылық шыққан. Оның үстіне Есеп комитетінің де сұрағы бар екен. Өнер ордасына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бірақ Сәбит Әбдіхалық жобалық-сметалық құжаттарды өткізбепті.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Өздеріңіз заңды білесіздер, жобалық-сметалық құжаттар болу керек. Олардың негізінде құрылысқа қаржы бөлінеді. Бүгінгі күнде әкімшілік ол құжаттарды жасамады.

Ал театр директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары мұнымен мүлдем келіспейді. Құжаттарды әлдейқайда тапсырып қойғанбыз дейді ол.

Әлібек Әмірсейітов, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары:

– Жобалық құжаттамалар дайын емес деген ол өтірік. Олар дайын. Тек қана оның мемлекеттік сараптамасы шықпаған. Және олар 45 күннің ішінде дайын болады. Яғни наурыздың 4-не дейін дайын болу керек.

Театр ұжымы да екіұдай пікірде. Біреулері Сәбит Әбдіхалық орнын босатсын дейді. Екіншілері жиі-жиі басшы ауысқаннан шаршағандарын айтады.  

Дәрия Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қойылымдар жоғары деңгейде емес. Өтірік мақтамайық. Деңгейі өте төмен.

Рашида Хаджиева, Қазақстанның халық әртісі:

– Директордың міндеті басқа, Дәрия Жүсіп. Директордың міндеті – бізге жағдай жасау.

Берік Айтжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мен мұндай кісімен жетекшілікте істей алмаймын. Өйткені бұл – Әуезов театры. Бұл қара шаңырақ. Бұған өресі зор, білімді, ақылды, ішкі мәдениеті бар, өнегелі адам келу керек.

Шынар Жанысбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Біз ең бірінші шығармашылығымызды дұрыстауымыз керек. Ал Сәбитке келетін болсақ, жұмыс жасалынып жатыр. Сәбиттің маған бір ұнайтын қасиеті, ол ешқандай бөлінбейді екен. Осының алдында болған директорымыз бірден келіп, өзіне команда құрған.

Ал театр директоры шетелде жүрсе де, электронды пошта арқылы өз еркімен қызметтен босату туралы өтініш жазыпты.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР мәдениет және спорт министрі:

– Қаңтар айында Сәбит электронды пошта арқылы өзі жұмыстан босатыңыз деп хат жазды. Сосын өзі бюллетеньге шығып кетті. Сондықтан бүгінгі күні бюллетеньде. Заң бойынша оның шығуын күтеміз.

Жиналыс ұзаққа созылды. Тек кешке «Гогольдың үйленуі» сахналатын болғандықтан, залды босатуға тура келді. Ішкі мәселелерге қарамастан, спектальдердің күнделікті қойылып тұратынын айтқан өнер ұжымы жиналыстан соң үйлеріне тарқады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы