412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық банк несиелеудің жаңа ережесін енгізді

  • 445
  • UPD: 23:54, 14.02.2020

Кепілсіз рәсімделетін тұтынушылық несиелерге сұраныс әрдайым жоғары.

Алайда несібесін несиемен арттырам дегендер қарызын уақытында өтемей жатады, 

Биылдан бастап Ұлттық банк несиелеудің жаңа ережесін енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сәйкес енді банктер мен өзге де қаржы ұйымдары төлем қабілеті төмен тұлғаларға несие бермейді.

Елімізде несиесі жоқ адам кем де кем. Мәжбүрліктен банкке барып, қарыз алушыларды түсінуге болар. Әлеуметтік ахуалының нашарлығынан, жұмыстың жоқтығынан, нарықтағы қымбатшылық несие алуға итермелейді. Қарызға аста та төк той жасап, қымбат көлік пен көйлек алушылар да жоқ емес. Шамасын дұрыс бағаламай, артынан несиесін дер кезінде төлей алмай жатады. Содан кейін қарыз ұлғаяды. Бірінші кредиттік бюро мәліметіне сенсек, елімізде 1,5 млн адам несиелік қарызын өтемей жүр. Осы мәселеге байланысты ҚР ҰБ несиелеудің жаңа ережелін енгізу жөнінде шешім қабылдады. Енді кез келген банкке барып, несиені оп-оңай рәсімдей салуға шектеу қойылады.

Әсем Нұрғалиева, бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры:

– Ұлттық Банк бекіткен жаңа ереже екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардың несиелеу саясатын қатаңдату үшін қабылданды. Ең алдымен ол халықтың қаржы ұйымдарына берешегін азайтуға бағытталып отыр. Егер оның төлем қабілеті төмен болса, ондай жандарға несие берілмейді.

Яғни 1 айлық күнкөріс көрсеткіші 31 мың теңгеден аспайтын азаматтарға несие рәсімдеуге мүмкіндік жоқ. Сонымен бірге несиесін 90 күннен асырып төлемегендерге, бір басында бірнеше кредитті барларға, алименттік төлемнен жалтарғандарға несие мүлдем берілмейді. 

Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың несие алуға мүмкіндігі жоқ деген сөз емес. Енді оларға табысы, зейнетақы жарнасына құйылар қаржысы, төлем қабілеті қатаң қарастырылып қана шектеулі мөлшерде несие берілмек. Сонымен бірге Ұлттық банк «онлайн» жүйесінде қарызға ақша берушілердің жұмысын қатаң бақылайтын болады. Осыған дейін «онлайн несие» компаниялары нарықта өз бетімен жұмыс істеп келсе, жаңа ережеге сәйкес олар 1 шілдеге дейін Ұлттық банктің базасына шағын қаржы ұйымы ретінде тіркелуге міндетті. Оның ішінде ломбард пен қаржылық несиелеу серіктестіктері де бар.

Мақсат Халық, экономист:

– Осы онлайн несиемен немесе шағын несиелеу ұйымы болып қызмет жасап жатқан көптеген компания өздері Ұлттық банктің реестірінде тіркелмеген. Лицензиясы жоқ мекемелер бар. Соларды әшкерелеу қазіргі таңның талабы болып тұр. Өйткені олар халықты көбінесе алдап жатыр. Және де келісімшартты заңсыз болғандықтан, олар заңсыз әрекетпен халыққа қысым жасап жатыр. Қазіргі таңдағы әлеуметтік жағдайдың ушығуына септігін тигізіп жатыр. Сондықтан күрес солармен болу керек деп айтқым келеді.

Жыл басынан бері елімізде кепілсіз несиелеу көрсеткіші 8% өсті. Халық көбіне тұрмыстық техника мен киім-кешекті несиеге алуды әдетке айналдырды. Демек, несиеге деген сұраныс азаймайды. Есесіне қарызын қайтара алмайтындар көбейеді деген сөз. Сондықтан несиелеудің жаңа ережесінің енгізілуі елдің қарызын азайтуға және қаржылық сауатын арттыруға бағытталып отыр.      

Авторлары: Алмас Садуақас. Владимир Бовкис, Радик Жақыпов, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы