432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі кенжелеп тұр

  • 528
  • UPD: 13:52, 15.02.2020
БҚО-да тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі кенжелеп тұр

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында Трекин, Дариян, Железнов және Шалғай ауылдарының әкімдері көң-қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгуге жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Қаратөбе, Сырым және Жәнібек аудандарында 24 әкімге жалпы сомасы 808 мың теңге айыппұл салынған. Жалпы, өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу жайы кенже қалып тұр. Жылына облыс орталығы мен елді мекендерден 99 мың тонна қалдық шығарылса, соның тек 3,3 пайызы ғана өңделіп, қайта кәдеге жаратылады екен. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 18%-ға жеткізу жоспарланған. Облыс полигондарында күні бүгін дейін 6 миллион тонна қалдық шоғырланған. Өз кезегінде бұл топырақ пен ауаны бүлдіріп, жер асты суын ластауда. «Қайта өңдеудегі басты қиындық – қалдықтарды бөлектеп жинаудың жүзеге аспауы», – дейді мамандар.

Ербол Қуанов, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Қолданыстағы заңдылық жаңа экономикалық жағдайларға сай емес. Табиғат пайдаланушыларды қалдықтарды қайта өңдеуге ынталандырмайды. Өңір компанияларымен кеңесіп те көрдік. Олардың ұйғаруынша, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу кешендерін салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Мәселенің бәрі қалдықтарды бөлектеп жинауға тіреледі. Сондықтан бұл мәселені қоғам болып бірге шешуіміз керек.

Хабар 24 телеарнасы