377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының барлық мектебінде әжетхана ішке ауыстырылады

  • 98
  • UPD: 22:32, 15.02.2020

Түркістанда күн энергиясымен жүретін автобус шығаратын зауыт салынады. Жыл соңына дейін жаңа әкімшілік іскерлік орталығы алаңында 6738 пәтерлі 142 көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Сондай-ақ жаңа оқу жылына дейін облыстағы барлық мектептердегі дәретхана ішке ауыстырылады. Бұл туралы аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев халықпен өткен есептік кездесуінде мәлімдеді. Дегенмен, өңірде шешімін таппай қордалаған мәселелер де бар.

Облыс әкімі есебіне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Өңірдегі 16 ауданның халқы да онлайн режимде қатысып отырды. Өмірзақ Шөкеев алдымен өткен жылы атқарылған қыруар шаруаның басын шолып шығып, биылғы жылғы жоспарларымен бөлісті. Одан кейін тұрғындардың сауалына кезек берілді.

Мақта еліміз бойынша тек Түркістан облысында ғана өсіріледі. Биыл ақ алтынның 1 кг 130 теңгеден саудаланды. Бұл шаруалардың еккен шығынын өтемейді. 

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Мақта биржалық тауар. Баға былтыр төмендеу болды. Республикада ол туралы бағдарлама болмаса көп нәрсесі еленбей қала береді. Мақта зауыттары да қаржы жоқ деп қиналып отыр. Экономикалық бағдарламаға кіргізіп, 6 пайызбен керекті қаржысын алатындай жасадық. Келесі жылы шаруаларды қинамай бағасын сәл көтеруге ықпал жасайтын боламыз.  

Өңірдегі өткір тұрған мәселенің тағы бірі ауыз су. Биыл облыстағы елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтуға 13,7 млрд теңге қаралған. Оған мүлдем су құбыры жоқ 43 елдімекенге жаңа ауызсу құбыры тартылмақ. Одан кейінгі мәселе газбен қамту. Аймақ басшысының айтуынша өңір халқының 50 пайызы табиғи газбен қамтылған. Түркістан қаласында да сол шама.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Үйге кіргізу мәселесі қиын болып тұр. Халық ақшасынан қиналып, есіктің алдында тұрған газды үйіне кіргізе алмай отыр. Біз үкімет тарапынан бұл мәселеге қаржы бөле алмаймыз. Өйткені ол жекеменшік шаруа. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Есептеп қараса газ әлде қайда пайдалы. Өйткені, қыс, көктемде қаланың бәрі көк түтін болады. Оны жоюымыз керек. Қаладағы жылу қазандығын газға ауыстырамыз, оған қаржы бөлеміз.

Елдің аузында жүрген тағы бір мәселе – білім ошақтарындағы әжетхананың сыртта орналасуы. Осыған байланысты ел арасында біраз дау-дамай да болған. Облыстағы 907 мектептің 600-ге жуығында әжетханасы аулада орналасқан. Ендігі мәселе соларды ішке кіргізу болмақ. 

Рақымбек Жолаев, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Өңірдегі мектептердің 80 пайызында туалет ішінде бар. Бірақ су, кәріз жүйесінің болмауына байланысты түрлі себептермен жұмыс істемей тұрған. Осы жұмыстардың бәрі жаңа оқу жылының басына дейін қайта қалпына келтірілу керек. Біз соны қамтамасыз етуіміз қажет. 

Сондай-ақ есептік кездесуде бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткені айтылды. Бұл бағытта былтыр 120 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылған. Өңір экономикасын өрге сүйреп тұрған саланың бірі ауылшаруашылық саласы. Өткен жылы аймақта 630 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мал шаруашылығының ішіндегі негзгі өнім – ірі қара мал етінің экспорты. Осы бойынша республикада 50 пайызын біздің облыс құрап, 20 мың тонна ет экспорталып, еліміз бойынша 1 орынға қол жеткіздік. 

Сондай-ақ өңір басшысы алдағы жылы Түркістанда күн энергиясымен жүретін автобус шығаратын зауыт салынатынын жеткізді.

Экологиялық таза көліктердің еліміз үшін пайдасы зор болмақ. Жыл соңына дейін Түркістанда 6738 пәтерлі, 142 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беріледі. Одан бөлек облыста «Қамқорлық» бағдарламасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 1643 отбасы анықталып, 900-дан астамына 45 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген. 4 отбасыға кәсіпкерлер тарапынан үй сатып әперіліпті.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы