405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда волонтерлер «Балықтарға оттегі жібереміз» атты акцияға белсене қатысып жатыр

  • 505
  • UPD: 19:06, 16.02.2020

Оралда волонтерлер «Балықтарға оттегі жібереміз» атты акцияға белсене қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Олардың қатарын бұл жолы сала мамандарымен бірге қоғамдық ұйымдар өкілдері, балық шаруашылығы факультетінің студенттері мен журналистер толықтырды. Ақпан мен наурыз айы су астында оттегінің азаятын шағы. Сондықтан, бұл істе волонтерлер көмегі ауадай қажет.

Биыл Батыс Қазақстан өңіріне ақ ұлпа аз түсті. Күн де жылы. Дегенмен, қыс мінезінің құбылмалы келетіні рас. «Кәрі құданың» қашан кәріне мінерін де тап басып айту қиын. Әсіресе, ақпан мен наурыз айлары су асты тіршілік иелері үшін өте қауіпті кезең саналады. «Сондықтан, осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы тиіс», – дейді мамандар.

Николай Разваров, орман және жануарлар дүниесі Ақжайық бөлімі инспекциясының басшысы:

– Биыл өңірде күн жылы болған соң балықтарға төнетін қауіп азаяды. Бірақ, ақпан мен наурыз айларында су астында оттегі азаяды. Сондықтан, өңірдегі барлық су қоймаларындағы жағдайды жіті бақылап отырамыз. Бұл істе волонтерлердің көмегі ұшан-теңіз. Олардың қатарын әр салада қызмет істейтін мамандардың толықтыруы оң үдеріс деп ойлаймын. 

Айтқандай, волонтерлер қатарын бұл жолы өңір журналистері толықтырды. Ғасырлық тарихы бар облыстық газет ұжымы бұл күні қаламдарын күрек пен сүйменге айырбастап, жаппай мұз ою науқанына қатысты.

Бауыржан Ғұбайдуллин,  «Орал өңірі» газетінің бас редакторы:

– Биыл біздер мұны еріктілер жылына орайластырып өткізіп жатырмыз. Өйткені, туған еліңнің, туған өлкеңнің табиғатына жанашыр болу бұл Отаныңа, еліңнің болашағына үлкен жақсылық жасау деп есептейміз.

Әлібек Қуанышбеков, волонтёр:

– Мен балық шаруашылығы мамандығының 2 курс студентімін. Осындай іс-шара әр жыл сайын қыс айларында өтіп тұрады. Оған біздің колледж студенттері белсене атсалысады. Бұл мұзды ойып қамыс қою арқылы балықтардың суда еркін тыныс алуына көмектесеміз.

Мамандар су астына қажетті оттегі көлемін де есептеп қойған. Мәселен, мынадай ойықтардың мыңы болса да артық етпейді. Өйткені, 1 гектар аумақты оттегімен қамту үшін кемі осындай 20 шақты ойық қажет екен. Мамандардың айтуынша, өңірде 220 су қоймасы бар. Қазіргі таңда олардың барлығында балықтардың жаппай қырылуының алдын алу бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы