432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар дуальды оқыту бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылды

  • 658
  • UPD: 22:01, 16.02.2020

Ақтөбеде колледж бітірген мүмкіндігі шектеулі жастар дуальды оқыту бағдарламасы аясында тұрақты жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл – оқу орны мен серіктес компаниялардың арасында қалыптасқан тығыз байланыстың нәтижесі. Ал студенттерді жылдар бойы тәжірибеден өткізген кәсіпорын өкілдері ұжымда еңбек өнімділігінің артқанын байқапты. Бүгіннің өзінде жүздеген болашақ маман білімдерін өндірісте шыңдап жатыр.

Бала күнінен бері құлағы естімейтін Мақсат Сәуірбаев тілінің мүкістігінен бар әрекетін ым-ишарамен түсіндіреді. Бірақ, денсаулығының ахуалына қарамастан, алға қойған мақсатына жетуді әдетке айналдырған. Студенттік шаққа дейін қазақ күресі мен жеңіл атлетика ойындарына қатысып, талай жүлделі орындарды иеленді. Енді меңгерген мамандығына сәйкес тұрақты жұмыс таппақ арманы бар.

Мақсат Сәуірбаев, студент:

– Бала кезімде, мектепте жүргенде колледжге түскім келеді деп ойлайтынмын. Былтыр БСМП клиникасында тәжірибеден өттім. Ол жақта көп болдым, әжелер-аталарға протез жасадым. Ол жерде жақсы, бірақ мына жерде одан да жақсы.

Мақсат секілді бұл тіс емханасында бес студент тәжірибеден өтіп жатыр. Барлығы да өздері оқитын оқу орнында енгізілген инклюзивті білім беру жүйесі бойынша дәріс алады. Дуальды оқыту бағдарламасы аясында жастарды шақырған емхана басшысы кейін оларды жұмысқа қабылдауға да дайын. Бұл үшін колледж бен ұйым және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасында үш жақты меморандум бекітілді. Құжат өзара ынтымықтастықты және есту қабілеті бұзылған түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді.

Арман Сәкішев, кәсіпкер:

– Бұлар ерекше студенттер. Бізде мұнда тіс протездерін дайындайтын өндіріс деп те есептеуге болады. Шет елдерге де тіс конструкциясын жасаудамыз. Сондықтан, осы балаларға біздерде алатын тәжірибе өмірлік маңызы болар деп есептеймін. Кем дегенде, білікті маман даярлауға мүмкіндік бар.

Бүгінде облыс бойынша 260-тан астам кәсіпорын дуальды оқытудың жол картасына белсене қатысуда. Олардың арасында жұмысшы мамандығын даярлайтын оқу орындарымен байланысты нығайтқан ірі өндіріс ошақтары да бар. Бұл медициналық және гуманитарлық білім алған мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамтуға септігін тигізіп келеді. Мәселен, тек кейінгі екі жылда дәрігер мамандығын меңгерген 30 түлек еңбек жолын бастаған.

Зәмзия Әлипова, Ақтөбе жоғары медициналық колледжі директорының орынбасары:

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығын үш жақты дуальды оқытудың негізінде, келісім шарт негізінде біз оларды жұмысқа орналастырып отырмыз. Бұл студенттердің барлығы бюджеттік негізде оқытылады. Яғни, стипендия алып отыр. Басқа аудандардан келгендер жатақханамен қамтамасыз етіліп отыр.

Жалпылай алғанда, өңірде 1600-ден астам жас дуальды оқыту бағдарламасы аясында тұрақты жұмыс тапқан. Нәтижесінде, түрлі ұйымдарда еңбек өнімділігінің арта түскені байқалады дейді мамандар. Кейінгі кездері біліктілігі жоғары жастарға бизнес құрылымдарының да сұранысы көбейіпті. Ал әлеуметтік серіктестері жоқ оқу орындарына кәсіпкерлер палатасы көмектеседі.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы