439,09 487,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің бірнеше қаласында волонтерлерді оқытатын орталық құрылады

  • 249
  • UPD: 22:26, 16.02.2020

Ертіс өңірінің волонтерлік жасақтары ортақ мақсат жолында күш біріктірмек. Ол – қазақ халқына тән жанашырлық қасиеттерді дәріптеп қана қоймай, насихаттау, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде аймақта 10 отряд бар. Ерікті жандардың қатарына қосылып, жұртқа көмек көрсетемін деушілер баршылық. Бұл іске жастар ғана емес, аға буын өкілдері де атсалыспақ. Сонымен қатар, бұл істің қыр-сырын үйрететін әдістемелік орталықтар ашылмақшы.

Динара Айтжанова – кезінде волонтёрлік орталықты басқарған белсенді азамат. Бүгінде облыстық кәсіподық ұйымдарына жетекшілік етеді. 

Динара Айтжанова, облыстық кәсіподақтар ұйымының басшысы:
– Біз ұрпақтар сабақтастығын үзбеу үшін бірнеше акцияны қолға алдық. Бүгінді облыстың әр үшінші тұрғыны кәсіподақтарға мүше. Еріктілікті солардың арасында насихаттамақпыз.

Владимир Чопахин саналы ғұмырын металлургия саласына арнаған. Тағдырдың жазғаны болар, жолдасы ерте қайтқан. Жалғызбасты зейнеткерді кәсіподақ ұйымдарының жастары қамқорлыққа алып, үй шаруасына көмектеседі.

Владимир Чопахин, Жаңа ауыл тұрғыны:
– Жас емеспіз, денсаулығым сыр береді. Үй ішінде кей жұмыстарға шамам жетпейді. Міне, балалар келіп, көмектесіп жатыр. Рақмет айтамын. 

Гүлзира Атабаева, волонтёр:
– Ұрпақтар сабақтастығын үзбеуіміз керек. Ол үшін қарияларымызға көмек көрсетеміз. Ал олар бізбен өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Бұл жас буын өкілдері үшін аса маңызды.

Ал Ақтауда волонтерлерге қолдау көрсететін әдістемелік орталық құрылды. Екі аптаның ішінде аталған орталыққа 300-ге жуық адам хабарласқан. Мұнда еріктілерге волонтер болудың алғышарттары таныстырылып, ақпараттық қолдау көрсетеді. Бүгінде олар мұқтаж жандарға 5 әлеуметтік бағыт бойынша көмек беру тетіктерін үйренуде.

Мұқаш Оралбай, «Бекен жас көшбасшылар» достастығының директоры:

– Кейбір отбасы кей жағдайда үкіметтік емес ұйым, қайырымдылық топтардан көп көмек алып жүреді де, кейбір отбасы назардан тыс қалып жатады. Сондықтан біз ендігі кезекте қосылған барлық волонтерлік топтар мен ұйымдардың ортақ базасы болады. 

Қазіргі таңда волонтер болу үшін де білім керек. Сол себепті Павлодар, Ақтау және Алматы қалаларында әдістемелік орталықтар құрылады. Бұл мекемелер әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін волонтерлерді оқытумен айналысады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Гүлмира Әбішева және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы