428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР ЕХӘҚМ: Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды

  • 462
  • UPD: 11:29, 17.02.2020
ҚР ЕХӘҚМ: Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды vklady-investicii

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтуды 660-тан 735 мың адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Бұл туралы 2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша ведомствоның алқа отырысында министр Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Өз сөзінде министр Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 660 мың адам қамтылғанын атап өтті. Олардың 36%-ы – жастар, жартысына жуығы әйелдер және 60%-ы ауыл тұрғындары, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

«450 мың адам жұмысқа, оның 383 мыңы немесе 85%-ы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 150 мыңнан астам адам оқытылды, оның ішінде 75 мың адам бизнес негіздеріне оқудан өтті. Өз ісін дамыту үшін шамамен 18 мың жеңілдетілген микрокредит, 40 мыңнан астам мемлекеттік грант берілді. Бұл 18 мың қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 140 мың адам жұмысқа орналастырылды. Солтүстік өңірлерге 9 мыңнан астам адам қоныс аударды, оның 4,5 мыңы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, олардың басым бөлігі жұмыспен қамтылған, бизнесін дамытып, басқа да қолдау шараларын алып жатыр», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру еңбек нарығының тұрақтылығына ықпал ететінін, жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайтынын атап өтті. Егер осы бағдарлама болмаса, бүгінгі таңда жұмыссыздықтың деңгейі 7,9%-ды құрайтын еді. 

«2020 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтуды халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының ішінен 735 мың адамға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз мемлекеттік бағдарламаның тетіктерін жетілдірдік. Енді қысқа мерзімді оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ғана жүргізіледі. Көп балалы және табысы аз отбасынан шыққан мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 4%-дан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредиттер берілетін болады. Жастарды тұрақты жұмысқа орналастырудың «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жаңа тетіктері енгізілді», – деді Еңбекминінің басшысы.

Халықтың, әсіресе жастардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері туралы хабардарлығын арттыру үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы «өтінім беру» қағидатынан «проактивті» форматқа ауытырылатын болады. Бүгінгі таңда еліміздің 8 өңірінде 84 мобильді орталық жұмыс істеуде.

Хабар 24 телеарнасы