427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абай ауданында ақынның мерейтойына орай әлеуметтік нысандар қолданысқа беріледі

  • 620
  • UPD: 14:31, 17.02.2020

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында данышпан ақынның мерейтойы қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысанды ел игілігіне беру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде Кеңгірбай би ауылындағы 100 орындық мәдениет үйі іске қосылса, аудан орталығындағы 300 орындық мектеп пен су құбырының құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмайды.

Бұған дейін Абай ауданында Кеңгірбай би ауылынан өзге барлық елді мекендер мәдениет ошақтарымен қамтылған еді. Енді міне тұрғындардың көптен бергі өтініші жерде қалмай өткен күзде облыстық бюджеттен 238 миллион теңге бөлініп, 100 орындық еңселі нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Мұнда жиналыс бөлмесінен өзге кітапхана, компьютер бөлмесі, ауыл әкімдігі орналасқан. Қазір күнде Абай тойына қызу дайындық жүріп жатыр. 

Асқар Жарасбаев, ауыл тұрғыны:

- Балалар қазір осы жерге келіп күнделікті өздерінің тиісті білімдерін алып жатады, оқып жатады. Енді жеке-жеке штаттар беріп жатыр мәдениет Үйіне байланысты. Бұл ауылға деген үлкен қамқорлық, елге деген қамқорлық. Оның үстіне биыл Абай атамыздың 175 жылдығы. Елбасымыз да, Президентіміз де бәрі қолдап жатыр, осы тойды өткізу керек деп. Екі сөздерінің бірі күнделікті теледидарды қосып қалсаң Абайдың 175 жылдығы жөнінде, оған масаттанып, қуанып жатамыз. 

Ал Қарауыл ауылында жалпы құны 1 миллиард 111 миллион теңге тұратын 300 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Білім ордасының құрылысын тамыз айында аяқтау жоспарланған. Мұнда қазір 75 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар сапалы ауызсумен қамту үшін су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Оған да мемлекет қазынасынан 1 миллиард 425 миллион теңге қарастырылған. 

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:

- Облыстық бюджеттен 2 миллиард 487 миллион теңге қаржы бөлініп, Семей-Қарауыл тас жолы толығымен жөнделіп бітті. Қазіргі уақытта жол сапасы жақсы деп айтуға болады. Биылғы жылға ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесінің аясында Қарауыл жолынан Жидебайға дейін баратын жолға 168 миллион теңге қаражат бөлініп, былтырғы жылы 20 миллион игерілді. Ол жұмысты да маусым айының 10-15 аралығында бітіру жоспарда бар. 

Жалпы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тек мәдени көпшілік шаралармен шектеліп қалмайды. Ең бастысы, аудан тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс сапасын жақсарту дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы