424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы төрт ауыл табиғи газға қосылды

  • 736
  • UPD: 14:39, 18.02.2020

Жамбыл облысы Сарысу ауданына алғаш рет газ тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шалғайдағы 4 ауыл қамтылып, көгілдір отын берілді. Қыста көмір тасып күл шығаратын ауылдық ағайын табиғи газ жағып, қазір қолдарын жылы суға малып отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Бұл – Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Майлыкөл елді мекені. Бұл ауылда бұрын соңды газ деген мүлде болмаған. Республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, сонау Талас ауданынан 128 шақырым жерден жер астымен газ желісі тартылып отыр. Міне, біз қазір сол газ алғашқылардың бірі болып жеткен шаңырақтардың біріне келіп тұрмыз. Қазір қожайынынан сұрап білейік. Қаншалықты газдың пайдасы бар. Қандай игілігін көріп отыр.

Жауһар Мақұлбекова осы күнді жылдар бойы күтіп армандаған. Қақаған қыста көмір тасып, күл шығарып әбігерге түсетін. Енді бұл қиындықтар артта қалды. Отынға жұмсалатын шығын да айтарлықтай азайды.

Жауһар Мақұлбекова, Майлыкөл ауылының тұрғыны:

– Шығынымыз, мысалы, бір жылдың ішінде 25-30 тонна көміріміз 460 мыңдай болатын. Тоннасын 23 мыңнан алатынбыз. Ал қазіргі таңда, міне, 6 айдың ішінде  75 мың теңге. 

Ауылға газдың келуімен бюджеттік мекемелердің де шығыны азаятын болды. Мәселен, 730 балаға арналған Түгіскен орта мектебі 40 жылдан бері қатты отынмен жылытылады. Бір ғана жылыту маусымында бес жарым миллион теңгенің көмірі жағылып отыр. Енді көгілдір отынға ауысса, шығын 4 есеге дейін төмендейді. 

Марат Рахманқұлов, Түгіскен орта мектебінің директоры:

– Газға есептегенімізде 621 мыңдай кетеді екен шығыны, газға ауысқан кезде. Ал көмірдің шығыны 5 миллионның үстінде ғой.  Газ тарту жұмыстарының жобасы жасалып, келешекке жасалуда. Келесі оқу жылында кіргіземіз деген мақсат тұр.

Жалпы, Сарысу ауданын газдандыру бойынша 3 жылдық жоба жасалған. Биылдың өзінде 14 елді мекенді қамту көзделіп отыр.

Есенгелді Бейсембеков, Сарысу аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бізде 27 елді мекен бар. Сол 27 елді мекеннің ішінде Жаңатас қаласы бар.  Бұл жоба жүзеге асқан кезде шамамен 70 процентке орындалады деп күтіп отырмыз.   

Жалпы Жамбыл облысында соңғы 10 жылда 130-дан астам елді мекен газдандырылған. Қазір аймақтағы 377 ауылдың 48 проценті көгілдір отынмен қамтылып отыр. Ал 2027 жылға қарай 196 ауылға газ кіргізу жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы