443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандық волонтерлер баспанасыз қалған тұрғынға көмек көрсетті

  • 206
  • UPD: 15:36, 18.02.2020

Түркістандық «Асар» атты жас волонтерлер тобы баспанасыз қалған азаматқа қол ұшын созды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпан айының басында жергілікті тұрғынның үйінен өрт шығып, 12 адам далада қалған болатын. Волонтер жастар бірден әлеуметтік желі арқылы демеушілер тауып, қиын жағдайға тап болған азаматқа көмектесті.

6 ақпанға дейін тоғыз адамға пана болған Назарбековтардың шаңырағы бір-ақ күнде күлге айналды. Ай мен күннің аманында баспанасыз қалған отбасы қазір пәтер жалдап тұрып жатыр. Өрт кезінде барлық дүние-мүлкі өртеніп кеткен. Тіпті, балалардың мектепке киетін киіміне дейін жанып кетіпті. Қиын жағдайға тап болған отбасына қазір «Асар» волонтер жастар тобы қол ұшын созып, көмек көрсетіп жатыр.

Әлімхан Назарбеков, қала тұрғыны:

– Үйде қызым болған, мен жұмыста едім. Көршім хабарласты үйің өртеніп жатыр деп, жүгіріп келдік. Ештеңе қалмапты. Бәрі жанып кеткен. Жақсы келіп, не істейміз деп көмегін беріп жатыр. Не істейміз деп сұрап жатыр. 10-20 күнде бітетін шығар.

Баспаналары өртеніп кеткен Назарбековтар шаңырағындағы алты перзенттің 3-еуі мектепке барады. Отағасы базарда. Айлығы 50 мың теңге. Ал отанасы жұмыссыз. Бала-шағаның тамағы мен киімі мемлекеттен берілетін жәрдемақы мен отағасы тапқан айлықтан. Енді оған пәтерақы мен балалардың киімі қосылды. Алайда, волонтер жастар әлеуметтік желі арқылы қолы ашық, жомарт жандарды іздеп тауып, көмектесуде.

Төребай Асқарұлы, «Асар» волонтер жастар тобының жетекшісі:

– Қазіргі таңда волонтерлер тарапынан осы үйдің есік-терезелерін салып беру, сенбі күндері қол көмек. Осы үйдің жан-жағын сылау, әктеу. 1-2 аптада кішігірім бөлмелерге орналастырып, одан кейін үлкен үйге әкімшілік тарапынан көмек болатынын ескертті.

Айтап кетейік, Түркістан облысында 5000-нан астам волонтер бар. Олар Bilim, Qamqor, Úmit, Sabaqtastyq, Taza Álem, Saulyq және «Асыл мұра» сияқты 7 салалық бағыт бойынша жұмыс істейді. Барлық жобаларды жүзеге асыру аясында тұрғындардың мәселесін шешудегі волонтерлердің талпынысын қолдау үшін шағын гранттар бөлу қарастырылуда. Алдағы уақытта өңірдегі волонтерлар қатары 10000-ға көбеймек. Сондай-ақ аудан, қалалық жастар орталықтарының жетекшілігімен 1000-ға жуық мектепте волонтерлікті негіз еткен өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмыстары жетілдіріліп, методологиялық көмек көрсетіледі. Ал еңбегімен ерекшеленген жастар жоғары марапаттарға ұсынылмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбек

Хабар 24 телеарнасы