420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда қандаланы жоюға арналған уды еркін сатуға тыйым салу ұсынылды

  • 745
  • UPD: 23:32, 18.02.2020

Зиянкестерді жоямын деген адамдар өздері уланып жатыр. Ақтаулық эпидемиологтар химикаттардың еркін сатылуына заң жүзінде тыйым салу керек деп дабыл қақты.

Себебі тұрғындар дезинсекция препараттарын кез келген жерден сатып алып, өздері қолданады. Осындай жайттан 3 бірдей отбасы уланып қалды. Ал былтыр осы шаһарда 13 оқиға тіркеліп, 2 адам қайтыс болған еді. 

Соңғы бір аптаның ішінде мына көп қабатты үйде тұратын екі отбасы қандала уының салдарынан ауруханаға түскен. «Пәтеріндегі зиянкестерді улаймыз» деген тұрғындардың әрекетінен көршілері де зардап шегіпті. Алдымен 3 адам, араға екі күн салып, тағы 5 тұрғын уланған. Түтіннен тұншыққан Юлия Молдован солардың бірі. Ол кәмелет жасқа толмаған екі қызымен бірге ауруханадан бір шықты. Жағымсыз иісті кетіру үшін есік-терезесін ашып, желдеткен. Алайда сәт сайын құсып, халдері нашарлаған соң жедел жәрдем шақыртуға тура келген. Дәрігерлер токсикологиялық улану диагнозын қойды.

Юлия Молдован, қала тұрғыны:

- Көрші пәтерге көшіп келгендер жөндеу жұмыстарын жүргізіп болған соң үйлерін улап, есіктерін тарс жауып, кетіп қалыпты. Бізге ескертпеген. Төтенше жағдай қызметкерлері, учаскелік инспекторлар келіп, пәтер иесін тапты. «Мен неге ескертуім керек, жәй зиянкестерді уладым» деп қарап отыр. Біз болсақ соның кесірінен өліп қала жаздадық.

Юлияның көршілері пәтерін жабық ғимаратта қолдануға мүлдем тыйым салынған препаратпен улаған. БИ-58 химикаты даладағы, шөптегі, ағаштардағы зиянкестерден тазарту үшін пайдаланылады. Қауіпті у көп қабатты үйдегі желдету жүйесі арқылы көрші пәтерлерге тараған.

Нұрбол Оқуов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Емін-еркін сатылып жүр сауда орындарында. Нормадан тыс түрлері болады. Қатты ауыр әсер етеді, адам тіпті адамның қайтыс болып кетуі әп-сәтте. Сондықтан бұл ретте кішкене айбай болу керек. Учаскелік дәрігерлер азаматтардың шақыртуымен үйіне барған кезде оларды осы жұмыстарды түсіндіреді, айтады. Көбінде осындай оқиға кезінде 1, 2-тарап айтып жатады, біз білген жоқпыз деп. Бірақ заңды білмеу – ол жауапкершіліктен босатпайды. Заңның алдында барлығы бірдей. Сондықтан да алдын ала көршіге ескерту керек, мамандардың кеңесіне жүгіну керек.

Қазіргі таңда облыста арнайы қоймасы бар дезинсекциямен айналысатын 10 ірі компания ресми тіркелген. Ал зиянкес жәндіктердің көзін жою қызметін жеке бизнесіне айналдырғандар саны 200-ден асады.

«Олардың көбі жұмысын дұрыс білмейді, тұрғындар алданып қалып жатыр. Сондықтан да химиялық препараттарды еркін сатуға тыйым салу керек», - дейді эпидемиологтар. 

Асима Жұмабайқызы, қалалық тауар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

- Зиянкестерді улайтын препараттар мамандандырылған дүкендерде сатылуы керек. Егер біз бұл препараттарды екінің біріне сатуға рұқсат бере берсек, онда бұл проблеманы тоқтата алмаймыз. Заңмен тыйым салу керек. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Тұрғындар тіркеудегі компанияларға көп қаржы бергеннен көрі арзан қызмет ұсынушы адамдардың қызметіне жүгініп жатады. Кейде тіпті базардан сатып алып, өздері улайды. Оның арты қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда.

Бүгін эпидемиологтар прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірге қаладағы базар мен сауда нүктелеріне рейдке шықты. Химиялық перпараттар мен уларды сатып тұрған сатушылардың рұқсатын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Жалпы соңғы жылдары Маңғыстауда қандала уынан зардап шеккендер қатары көбейген. Соңғы 2 жылда 6 адам қайтыс болыпты. Оның екеуі кішкентай бала. Тек бір жағдайда ғана кінәлі тұлға жазаланған. Екі адамның өліміне себепкер болған дезинсекция жұмыстарын жүргізетін жеке комания басшысы былтыр 5 жылға сотталды.  

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы