439,01 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Байбек Павлодар облысы халқының мұң-мұқтажымен танысты

  • 210
  • UPD: 20:33, 18.02.2020

Nur Otan партиясы аймақты дамытудың бес жылдық бағдарламасын әзірлейді. Қазір партия мүшелері, ел арасына шығып, халықты алаңдатқан мәселелермен етене танысып жатыр.

Шешімін күткен мәселе Ертіс өңірінде де көп. Бұған бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек көз жеткізді.

Руслан Мансұровтың күнделікті тірлігі осы. Көп қабатты баспанада тұрса да, отын-көмірді сырттан тасиды. Павлодар ауданына қарасты Новочерноярка ауылында тоңып отырған 800-ге жуық тұрғын бар. 16 көпқабатты үйдің орталық қазандығы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары талан-таражға түскен. Содан бері мәселе шешілмей келеді.

Әсел Исалина, Новочерноярка ауылының тұрғыны:

- Қиын өте, өйткені, көмір тасимыз. Сонымен қатар, пеште түтін шығуы мүмкін. Түтін тек қана біздің үйде емес, көршілерде шықса, тоже. Менде кішкентай балам бар, екі бала бар, бірнеше рет пожар бола жаздады.

Шенеуніктер мәселеге енді құлақ асты. Алдағы уақытта ауылдың әлеуметтік мекемелері мен тұрғын үйлерге арналған орталық қазандық салынбақ. Нысанның жобалық құны 522 млн теңге. Бауыржан Байбек  конкурстық шараларды тез бастап, жұмысты сапалы жасауға тапсырма берді. 

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Қазандықты дайындау уақыты қанша? Төрт ай деді. Тағы не керек? Тек тұрғындармен бірге жылуды қалай жеткізу керектігін талқылау үшін жұмыстың сапасын, үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет. Әр тұрғын  «Менің көңілім толады, үйім жылы» деп айтқан кезде ғана біз мәселені толық шешілді деп санаймыз. 

Бауыржан Байбек жыл сайын жерасты суларының астында қалған Екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындарымен де кездесті. Жергілікті билік өкілдері мәселені түбегейлі шеші үшін кәріз жүйесі салынатынын жеткізді. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. 

Наталья Тушева, шағын аудан тұрғыны:

- Көктем жақындаған сайын қорқамыз. Қар шығарылып жатыр, дегенмен, кей аулалар ақ ұлпаға толы. Мәселе тез шешілсе игі. Үйлерімізді жыл сайын су басады. 

Бауыржан Байбек облысқа жұмыс сапары барысында полипропилен өнімдері шығарылатын зауытта болды. Мамандармен жүздесіп, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қамту турасында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, партияның облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы