411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы 8 ауылдың диқандары көктемгі егіске кірісе алмай отыр

  • 309
Түркістан облысындағы 8 ауылдың диқандары көктемгі егіске кірісе алмай отыр

Түркістан облысы Келес ауданындағы 8 ауылдың шаруалары ағын судың аздығынан көктемгі егіске кірісе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер емген диқандар мен бағбандар биыл тіптен құрғақшылыққа тап боламыз ба деп қауіптенеді. Себебі осындағы Шошым каналының табаны 7-8 жылдан бері тазартылмаған. Сондықтан су арнасы әбден тарылып кеткен. Бұрындары 1 мың 400 гектар алқапты суландыратын канал суы қазір оның үштен біріне әрең жетеді. Ағын судың жетімсіздігінен қазір осы аумақтағы 900 гектар жер игерусіз жатыр. Егістік алқабы да жыл санып тарылып келеді. Бұрындары мұндағы диқандар қырыққабаттың гектарынан 90-100 тоннаға дейін өнім жинайтын. Қазір соның жартысын әрең теріп алады. Өзге дақылдан да пайда шамалы болып тұр. Ұзындығы 27 шақырым болатын Шошым каналы екі бірдей ауданның аумағын аралап ағады. Бастауда отырғандықтан, Сарыағаштың ұпайы түгел. Арнаны тазартпаса да су жеткілікті. Ал каналдың етегіндегі Келес ауданының жұрты көршілерінің жалқаулығынан шілдеде бір құлақ суға зар болады. Жергілікті жұрттың жанайқайына облыс әкімі де хабардар көрінеді. Облыс басшысы аудан әкімдеріне екі жаққа да тиімді шешім қабылдап, жылдам әрекет ету жайы тапсырған болатын. Әзірге одан нәтиже жоқ дейді халық.

Махкәм Ермекбаев, ауыл тұрғыны:

– Былтыр есіктің алдына бір тонна картоп ектім. Ала алмадым. Неге? Су жоқ.

Руслан Сариев, гидротехник:

– Қазір 5 шаршы сумен отырмыз. Ол былтыр еді. Биыл ол 5 кубтың өзі де сыймайды. Сарыағаш ауданы тазаламайтын болса, биыл Біртілікке су келмейді. 8 ауыл сусыз қалады.

Абай Жаңбырбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

– Келес ауданы тарапынан Сарыағаш ауданына ағымдағы күрделі жөндеу жүргізу мақсатында тиісті хат жолдадық. Қазір жауабын күтіп отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы