426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспий итбалықтары ғалымдар назарында

  • 489
  • UPD: 10:02, 19.02.2020
Каспий итбалықтары ғалымдар назарында

Биыл Каспий теңізіндегі итбалықтардың нақты есебі алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ортақ теңізде Қазақстан-Ресей ғалымдарының бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстары басталды. Арнайы фото-бейнекамералардың көмегімен мамандар теңіз жануарларының тыныс-тіршілігімен толығырақ танысуға мүмкіндік алды. Зерттеу жұмыстарына Қазақстан балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан қолданбалы экология агенттігінің мамандары және ресейлік ихтиолог-ғалымдар қатысуда. 2012 жылғы есеп бойынша Каспий теңізінің қазақстандық секторында 100 мыңнан астам итбалық шоғырланған. Ал ресейлік мамандар 370 мыңға тарта теңіз мақұлығының есебін алыпты. Енді мемлекетаралық келісім негізінде екі елдің ғалымдары итбалықтардың нақты санын анықтамақ.

Федор Климов, Қазақстан қолданбалы экология агенттігі департаментінің директоры:

– Санақ қорытындысы шілде айында шығады. Бұл өте күрделі жұмыс. Біз бір апта бойы итбалықтардың күшіктейтін жатағын бақыладық. Биыл Каспийдің ресейлік жағалауында мұз жұқа болғандықтан, итбалықтар осы араға шоғырланыпты. 3 күнде 4 мыңнан астам итбалық күшігін санадық. Теңіз мақұлығының көбею процесінде ауытқушылық жоқ. Жағдай қалыпты.

Хабар 24 телеарнасы