419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында жолдар жабылып, сабақ тоқтатылды

  • 462
  • UPD: 13:28, 19.02.2020
Қостанай облысында жолдар жабылып, сабақ тоқтатылды

Қостанай облысында ақтүтек боран кешелі бері басылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 29 бағыт бойынша жол учаскелері жабылған. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға ауа райы дұрысталғанша, алыс сапарға шықпауға кеңес береді.

Өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдар бірінен соң бірі жабылуда. Осыдан бір сағат бұрын республикалық маңызы бар Алматы-Екатеринбург бағытындағы Федоровтан Қарабалық ауданына дейінгі аумақ жабылды. Толастамай жауған қар мен ұйытқи соққан боран төтенше жағдай саласының қызметкерлеріне тыным таптырмауда. Олардың күшімен кеше жолда тұрып қалған көліктерден 81 адам құтқарылды. Таңғы сағат 8-де жол тазалаушылардың қажырлы еңбегімен Мамлютка-Қостанай трассасының Тобыл қаласынан Ұзынкөл ауданына дейінгі аралығы, бір ғана республикалық маңызға ие жол ашылды. Ал Қостанайда бүгін бірінші ауысымдағы 4-сыныпқа дейінгі оқушылар үшін сабақ болған жоқ. Қалалық білім бөліміндегілер екінші ауысымдағы оқушылардың соңғы сабақтары қысқартылуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Ал біздің іс-сапарымыз Қарасу ауданында осымен үш күнге созылып барады. Қалаға кері қайтуға мүмкіндік жоқ. Полицейлер жол жоқ деген желеумен көліктің кез келген түрін аудан сыртынан шығармай жатыр. Долы боран тіпті аудан орталығы ішіндегі көлік қозғалысына да айтарлықтай қиындық туғызуда. Жолдың тазалығына жауап беретін мекемелер қалың қарға қарсы қауқар таныта алмай отыр. Болжам бойынша ақтүтек боран облыс аумағында ертеңге дейін толастамайтын түрі бар.

Хабар 24 телеарнасы