425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолда ішімдік ішіп, елдің мазасын алған 9 жолаушы пойыздан түсірілді

  • 1437
  • UPD: 16:22, 19.02.2020
Жолда ішімдік ішіп, елдің мазасын алған 9 жолаушы пойыздан түсірілді

Көлік полицейлері «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызында бұзақылық жасаған бір топ адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.

18 ақпанда Нұр-Сұлтан стансасындағы желілік полиция басқармасына «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызының 26 жастағы жолсерігі шағымданып келді. Оның айтуынша, аталған пойыздың жүру жолында 9 адам алкогольді ішімдік ішіп, айғайлап сөйлесіп, жолаушылардың мазасын алған, сөйтіп қоғамдық тәртіпті бұзған.

«Құқық бұзушылар жолсеріктің ескертуіне дөрекі жауап беріп, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын балағат сөздер айтқан. Сөйтіп, қатты қорыққан жолсерік әйел қызметтік купеге тығылып, пойыз бастығы мен полицейлерді шақыруға мәжбүр болған. Тіпті, олар келіп жеткен көлік полицейлерінің де жағасына жармасып, билік өкілдеріне күш көрсеткен» делінген хабарламада.

Пойыз елордаға келгеннен кейін құқық бұзушылар пойыздан түсіріліп, Нұр-Сұлтан стансасындағы желілік полицияның кезекші бөліміне жеткізілді. Сол жерде аталған тұлғаларға қатысты хаттама толтырылды.

Сот-медициналық сараптамаға сәйкес ұсталған азаматтардың алкогольді ішімдік ішкені анықталды.

Аталмыш факті ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Хабар 24 телеарнасы