423,92 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің бірнеше облысында 100-ден астам жол жабылды

  • 602
  • UPD: 18:37, 19.02.2020

Соған қарамастан, кей тас жолдардағы қозғалыс тоқтар емес. Ескертуді елемей, көлігі қарға батып қалғандар да кездеседі.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

Қаладан шыға берістегі көрініс осындай. Арқаның ақтүтек бораны көзді байлап, айналада не болып жатқанын көрсетпейді. Көру қашықтығы 20 метрден аспайды. Тіпті жолдың кей бөліктерінде дәл алдыңда не болып жатқаны көрінбейді. Синоптиктердің айтуынша, желдің жылдамыдығы секундына 20 метрдің шамасында.

Бұл – Көкшетауға апарар жол. Ондағы қозғалысқа шектеу қойылғанымен, бірлі-жарым көлікті байқауға болады. Қарға батып, жүре алмай қалғандар да кездеседі. Мәселен, мына жүк көлігінің тұрғанына 2 сағаттан асыпты.

Осы жолмен күніге қатынап жүрген азаматтардың айтуынша, жолдың бұл тұсында бұрын-соңды қар бұлай үйілмейтін. Сондықтан көп жағдайда қозғалыс үзілмейтін көрінеді. «Жүк көлігінің өзі тұрып қалған соң бүгінгі боранның жөні бөлек», дейді жүргізушілер.

Қала тұрғыны:

- Өткенде болған боранда қар бұлай жолды жауып, жиналмап еді. Дала болған соң жел жолдағы қарды ұшырып алып кететін. Сондықтан жұмысқа еш қиналмастан барып жүрдім. Бүгінгі жағдай өзгешелеу болып тұр.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Әдетте қар құрсауында қалған азаматтар жайлы хабар тарататын біз де кейіпкерге айналдық. Тізеден қар кешіп, әупірімдеп тас жолға шықтық.

Алай-дүлей ақ боран төтенше жағдайлар комитеті мен 5 облыстағы жедел штабты аяғынан тік тұрғызды. Құтқарушылар Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағандыдағы ахуалды жіті қадағалап отыр. Қазір еліміздегі 100-ден астам тас жолдың кей бөліктерінде қозғалыс шектелген. Оның 35-і республикалық, қалған 65-і облыстық маңызға ие.

Любовь Абланова, ҚР ТЖК Дағдарыс жағдайларында басқару орталығының өкілі:

- Өткен тәулікте ІІМ және жол қызметтерінің қызметкерлерімен 605 адам, оның ішінде 60 бала құтқарылды. Және 225 бірлік техника қар құрсауынан шығарылды.

Еліміздің 9 облысында, әсіресе, орталық пен солтүстікте ескерту жарияланғаны белгілі. Құтқарушылар жел бәсеңдеп, күн райы жақсарғанша жолға шығуға тыйым салып отыр.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Өмірбек Ізімов  

Хабар 24 телеарнасы