423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ХАК: Ұшақ апатына қанаттарының тазартылмауы себеп

  • 572
  • UPD: 20:34, 19.02.2020

Алматыдағы апатқа Fokker 100 ұшағының тазаланбауы себеп.

Дәлірек айтқанда, әуе кемесінің қанаттары мұздан аршылмаған. Халықаралық авиация комитеті осындай мәлімдеме жасап, апаттың визуалды көрінісін көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы жерден бар болғаны 6 метр биіктікке көтеріліп, қайта қонған. «Апатқа рейс алдында қанаттарының мүлдем тазартылмауы себеп болды», - дейді мамандар. Халықаралық авиация комитеті ұсынған бейнежазбада ұшақ қозғалысының әуелі штаттық кестеге сай жүзеге асқаны байқалады. Бұл көрініс оқиға хронологиясы және қара жәшік мәліметтері арқылы қайта қалпына келтірілген.

Дәл осындай ұшақ апаты Францияда да болған. Онда да Fokker 100 ұшағы көкке көтеріліп, қайта құлдилаған.

Виктор Сороченко, Халықаралық авиация комитетінің бас директоры:

Мұндай жағдай әлемдік авиация тарихында кездеседі. 2007 жылы Францияда болған апаттың мәліметтерін алып, біздегі апатпен салыстырдық. Екеуі ұқсас. Ұшырылым параметрлері бір-біріне сәйкес келеді.

Дегенмен, Bek Air ұшақ көкке көтеріле алмай, қайта төмендегеннен кейін әуежай аумағынан шығып кетіп, құрылыс нысанына соғылады. Егер әуе кемесінің жолында ғимарат болмаған жағдайда оқиға басқаша сипат алар еді. Яғни, ұшақтың қирауына бірден-бір себеп осы нысан екендігі айтылып отыр.

Виктор Сороченко, Халықаралық авиация комитетінің бас директоры:

- Штаттық кестеге сай емес жағдай анықталғаннан кейін экипаж қозғалтқыш жылдамдығын азайтады. Кейін барлығы қалпына келеді. Тіпті ұшақ шассиі алынып тасталады. Бірақ жылдамдық төмендей береді. Сөйтіп, әуе кемесі жер бауырлап келіп нысанға соғылған кездегі жылдамдығы сағатына 126 шақырым болған.

Мамандар «экипаж мүшелерінің әрекетіне қатысты қандай да пікір білдіре алмаймыз», дейді. Себебі, олар ұшақты көкке көтеруі тиіс болды және апатты болдырмауға тырысты. «Қателік сол қанаттарының тазартылмауы және жылдамдықтың тиісті деңгейге жетпеуінен туындады», - дейді халықаралық авиация комитетінің өкілі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Дәурен Жұрқабаев

Хабар 24 телеарнасы