420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Табиғи құбылыстар мен күн райының құбылуын енді әуеден бақылауға болады

  • 721
  • UPD: 22:24, 19.02.2020

Шығыс Қазақстанда коммуналдық мекеме мамандары мен төтенше жағдайлар қызметі осы істі қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, геолог-ғалымдардың бұл жобасын толық іске асыру үшін қомақты қаржы керек. Ал іске асса, шалғайдағы ауылда жауған қардың мөлшерін спутник арқылы көруге болар еді.

Су деңгейі мен топырақтағы ылғалды да анықтауға болады.

«Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары қардың қалыңдығын осындай таяқшалар арқылы өлшейді. Облыс аумағында 207 өлшеу таяғы орнатылған. Биыл шығыста қар өте мол. Таулы өңірлерде 3 метрге жетеді. Ал жазық далада 20-25 сантиметр болады.

Талғат Нұрахмет, облыстық «Қазселденқорғау» ММ бас инженері:

- Алтай ауданында қар қалың болып тұр. Жылдағы түсімнен осы күнге дейін асып кетті деуге болады. Былтырғы осы кезбен салыстырғанда 1,5 есеге асып отыр. Алтай және Самар бағытында 1 метр 60 сантиметр.

Аймақта қазір қардың көбесі сөгілген жоқ. Біраз төмендеп, басылды. Дегенмен, күн райы күрт жылынса, таулы аудандарды су басу қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдайлар және селден қорғау мекемесінің мамандары қардың қалыңдығын әуден шолып жүр.

Алексей Штыкель, облыстық ТЖД бөлім басшысы:

- Биыл қыс өте құбылмалы болды.Толассыз қар мен боран. Сол үшін көктемгі тасқынға тосқын мақсатында гидротехникалық нысандардың жағдайын әуден бақылауға алдық. Бүгінге дейін көбісінің жағдайын көріп шықтық.

Әуеден шолу арқылы қар мен мұздың мөлшерін жалпылай ғана болжауға болады. Ал тікұшақтың әр ұшқанына бірнеше жүз миллиондаған теңге керек. Сол үшін техникалық университеттің геолог-ғалымдары жердің асты-үстіндегі ылғалды спутник арқылы дәл анықтайтын жоба жасап шықты. Арнайы бағдарламамен белгілі бір аумақты ғарыш арқылы зондтап алады да, ол жердегі қардың мөлшерін және жер астындағы судың деңгейі мен топырақтың ылғалын дәл есептеп шығарады.

Олег Гавриленко, Геология және минералогия ғылымдарының кандидаты:

- Спутник арқылы алынған бұл мағлұматтар өте маңызды. Климатта жақын арада болатын өзгерісті алдын ала біліп отырамыз. Қар мен жаңбырдың мөлшерін немесе қуаңшылық бола ма болжам емес, нақты жағдайға көз жеткізуге болады.

Ғалымдардың айтуынша, технологиясы жетілген елдер барлық мәліметті спутник арқылы алады. Бұл тікұшақпен бақылауға қарағанда тәуекелі жоқ және нақты ақпаратқа қол жеткізетін жүйе.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы