423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде қар көшкінінің алдын алу шаралары жүргізілді

  • 667
  • UPD: 23:01, 19.02.2020

Алматыда да соңғы екі күнде қар қалың түсті. Мамандардың айтуынша, қазір таудағы ақ ұлпаның қалыңдығы 80 сантиметрден асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыны ескерген мамандар Шымбұлақ тау-шаңғы кешенінде қар көшкінінің алдын алу шараларын жүргізді.

Ұлан Нарынбек, тілші:

Біз қазір Талғар асуында тұрмыз. Бұл жер теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан. Алматы алақандағыдай көрінеді. Дәл осы жерден шаңғышылардың трассасы басталады.

Шаңғы мен сноуборд тебетіндер жаңа түскен қардан кейін күрт көбейеді екен. Себебі ауа таза, жол жұмсақ болады. Бірақ көшкін жүру қаупі жоғары. Сондықтан бүгін Шымбұлақтың Талғар асуына жақын трасса жабылып, 100 келі тротилдің көмегімен 15 мың текше метр қар түсірілді.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

Алматы бойынша негізі 165 қар көшу орны бар. Оның 18-і адамдарға және ғимараттарға қаупі бар деп есептеледі. Қалған учаскелер ол алыс таулардың бөктерлерінде орналасқан. Оның халыққа ешқандай қаупі жоқ.

Биыл Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 10 рет қар көшкіні болған. Абырой болғанда, ешкімге зияны тиген жоқ. Дегенмен, қала тұрғындары мен туристерге таудың тік беткейлеріне шықпаған жөн.

Самат Дәуленханов, «Қазселденқорғау» ММ филиалының басшысы:

- Қар көшуі әрине, өте қауіпті. Ол қардың ауырлығына және мына сулығына, құрғақтығына да байланысты. Егер сулы қардың астында қалатын болса, адамның тірі қалуы мүмкін емес. Құрғақ қарда болжам бойынша 15-20 минутқа дейін адам демалуына болады.

Алдағы жұма, сенбі күндері Алматыда 9 градусқа дейін жылы болады. «Бірақ еріген қар суы аса қиындық тудырмайды», - дейді мамандар.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

- Биылға қардың көлемі нормадан 23%-ке аз. Жердің қатқан тереңдігі, тоңы 27 сантиметрді құрайды. Ол нормадан 65% төмен. Сол себептен мына еріген қар ол ақырындап жерге сіңіп кетеді деп болжап отырмыз.

Әйтсе де, көктемде су тасқыны бола қалған жағдайда 137 техника мен 144 сорғы жасақталыпты. 70 тонна инертті заттар әзірленген. «Ал жеке құрамнан 6,5 мың қызметкер дайын», - дейді департамент басшылығы.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы