431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының тұрғындары әкімге мұңдарын шақты

  • 181
  • UPD: 13:06, 20.02.2020

Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдың құрылысы қашан аяқталады? Өңірдегі үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі қалай шешіледі? Жетісу жұртшылығы бүгін осындай көкейкесті проблемаларды көтеріп, сұрақтарын тікелей облыс әкімі Амандық Баталовқа қойды.

Жетісу жерінде жыл сайын 50 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Демографиялық өсім мен ішкі миграция есебінен мектеп қажеттілігі өңірдегі ең өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінде аймақтағы 38 білім ордасының оқушылары үш ауысыммен оқиды. Биыл олардың қатарына тағы 14 оқу орны қосылуы мүмкін.

Гүлсара Исағұлова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: 

- Арнайы бағдарлама дайындалған, облыста 8 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қоса 18 мектептің жобалық сметалық құжаттары дайындалуда, бұл жұмыстар тоқтамайды, нақты жұмыстар жасалынатын болады. 

Алматы облысында 750-ден аса елді мекен бар. Шашырай орналасқан шағын ауылдардың жол қатынасын реттеп, инфрақұрылымдық жүйелерін жетілдіру керек. 

Қозыбай Құрман, журналист:

- Тастөбе ауылы бойынша ол жерде 12 жарым шақырым болу керек. Соның бір жарым шақырымы екі ауданның балансында да жоқ. Екі ауданның шекарасының өзгеруіне қатысты ол жерді біз жасауға міндетті емеспіз дейді олар. Ол жол жасалынбай отыр. 

Елена Улеватая, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Біз бау-бақша еге алмай отырмыз. Өйткені арықта су жоқ. Осыған дейін бетон арық жасалған. Бірақ былтыр онда су болған жоқ. Ауыз су да жоқ.

Облыста «Үшарал-Достық», «Молалы-Балқаш» бағытында және «Талдықорған-Өскемен» аралығында жол салынып жатыр. Соңғысының ұзындығы 300 шақырымнан асады. Автомагистарль құрылысы жолаушыларға қиындық туғызуда.

Жамал Айтқалиқызы, сарқан ауданының тұрғыны:

- Сарқан ауданының тұрғынымын, жол мәселесі өте қиын жағдай болып тұр. сол мәселе бойынша осы жиналысқа келдім. 

Амандық Баталов, облыс әкімі:

- Қазіргі маусымаралық кезеңде жолға қажет инертті материалдар дайындалып жатыр. Асфальт зауытын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Көктемде жұмыс қайта жанданатын болады. Биыл олар автомагистральдің бір жағын көлік жүретіндей етіп береді. Ал 2021 жылы 100 процентке аяқтайды. 

Еліміздегі 19 трансұлттық инвестициялық жобаның 9-ы Жетісу жерінде жүзеге асырылып жатыр. Биыл олардың қатарына құс өсіретін, ірі қара етін өңдейтін кешендер мен ірі кәсіпорындар қосылады. Үш сағаттық жиында осындай жоспарлармен қатар мемлекеттік қызметкерлерге шағым айтқандар да болды. Соның нәтижесінде Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарына қатаң шара қолданылды.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы