431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңатас ауданында тоқырау жылдары қаңыраған үйлер жөндеуден кейін тапсырылды

  • 333
  • UPD: 14:51, 20.02.2020

Жамбыл облысы Жаңатас қаласында тоқырау жылдары бос қалған көп қабатты тұрғын үйлер жөнделіп, жуырда 56 отбасыға берілді. Өңірде көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту шаралары жалғасып жатыр. Былтыр жергілікті бюджет есебінен өңірде 612 пәтерлі 12 жатақхананың құрылысы жүргізілді. Салынып біткендері шетінен мұқтаж азаматтарға берілуде. Бүгінгі күнге дейін 241 отбасы пәтерлі болды. Бұл бағыттағы жұмыстар Сарысу ауданында қолға алынған.

Салтанат Омарова бала-шағасымен көшіп-қонып жүргеніне 10 жылдан асқан. «Пәтер жалдап, өзгенің босағасын сығалаудан әбден мезі болдым» дейді көп балалы ана. Ол Жаңатас қаласында осыдан 3 жыл бұрын баспана кезегіне тіркеліпті. Осы уақыт ішінде кезегі жылжып, қазір тізімде 155-орында болып тұр. 

Салтанат Омарова, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Бір бөлмелі пәтерде де тұрдық. Әр пәтерде жүрдік ше! 30 мыңнан төлеп жүрдік. Оның суы қосылып тұрады, светі қосылып тұрады. Сосын аудандық әкімге кіріп, сол кісілер осыған қол жеткіздірді ғой әйтеуір. 

Жергілікті әкімдіктің есебі бойынша Салтанаттың кезегі биыл жыл соңына дейін жетуі тиіс. Бірақ күміс алқа иегері дәл қазір баспанаға аса мұқтаж. Сондықтан арнайы комиссия жағдайды зерделеп, жатақханадан үш бөлме уақытша берілді. Енді ол 6 баласымен кезегі жетіп, пәтер алғанға дейін осында тұра алады. 

Салтанат Омарова, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Кілтіңді ал деген кезде жәй айтып тұр екен деп ойладым негізі. Кілтті берген кезде қатты толқып кеттім енді шынын айтайын. Алғашқыда бір бөлмелі деп сөйтіп айтты да. Аллаға шүкір оған да деп неғылдым. Сөйтіп ем, ойнап айтамын үші бөлмелі там деп сөйтіп әкеп көрсетті. Қуанышта болдық енді. Бала-шағамыз жылы жерде отыр. Бұдан басқа не артық керек. Осы осындай көмек бергенінен рақмет.  

Жатақхана осы сияқты 56 отбасына уақытша берілді. Дені көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Жалпы биыл Жаңатастағы 4 көп қабатты тұрғын үйді жөндеуден өткізу жоспарда. Қазір мамандар бос тұрған нысандардың құжаттарын жинақтап, облысқа ұсыныс берген.

Дүйсенәлі Борсықов, Жаңатас қаласының әкімі:

- Шешімін табатын болса, тағы да ағымдағы жылы 440 отбасы пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Мына жерде тұрған кісілердің кезектері 2020 жылы біз беріп отырған 4 көпқабатты үй жөндеуден өтетін болса, бұлардың кезегімен сол жерден берілетін болады. Орны босаған жерлерге тағы сондай мұқтаж жандар келіп қоныстанатын болады. 

Қазір Жаңатас қаласында пәтер кезегіне 2 мыңға жуық адам тіркелген. Шағын шаһарда жөндеуді қажет ететін 12 бос тұрған көпқабатты үй бар. Сұранысты қанағаттандыру үшін осы үйлерді қайта жөндеп, кезең-кезеңімен қамту көзделіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы