423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендегі коммуналдық мекемелер қарды тазалап үлгермей жатыр

  • 217
  • UPD: 21:36, 20.02.2020

Кешелі бері еліміздің бірқатар аумағында боран басылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арқа мен солтүстікте жолда қалған жүздеген жолаушы құтқарылды. Шығыста да солай. Ондағы коммуналдық қызметтерде дамыл жоқ. Қоғамдық көліктердің қозғалысы қиындап, облыс орталығында трамвай қатынасы тоқтаған. 

Жауған қар, соққан боран. Жабылған жол. Қыс түсе шығастағы ел-жұрттың қолынан күрек түспеді. Коммуналдық сала мамандары кезекшілікпен тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.  Ал соңғы екі тәулікте Өскеменнің өзінде жағдай тіпті қиындап кетті. Әсіресе қаланың шетіндегі шағын аудан тұрғындары омбы қардан аялдамаға жете алмай жүр.

Қалы-бұрқасыннан қарға адым жер көрінбей, көлік жүргізушілері әлек болды. Бірнеше жолақты орталық көшелердің өзінде кептелістен көліктер керуені түзілді. Күні-түні жауған қар трамвайдың рельсін де басып қалды. Сондықтан жүзге жуық жұмысшы жолдағы қарды күрекпен ойып жүр.

Олжас Керейхан, тілші:

– Жалпы қала бойынша 19 шақырым трамвай рельсі бар. Кешелі-бері толассыз жауғандықтан, оның 10 шақырымы қар астында қалды.Коммуналдық сала мамандары барлық күшті жұмылдырғанмен, тазалап үлгермей жатыр. Ал 2016 жылы да қалың қар жауып, ол кезде трамвай бір айға жуық жүрмей қалған.

Бүкіл қаланың қарын 59 техника тазалап жүр. Әкімдік әуелгі күшті орталық көшелер мен үлкен аялдамаларға шоғырландырған.

Тамара Рахимжанова, қала әкімінің орынбасары:

– Қазір қар өте ылғал. Жай техника ала алмайды. Сондықтан грейдер мен арнайы ауыр техникаларды жұмылдырдық. Жол тазалау жұмысымен шұғалданбасада да, қаладағы басқа мердігер компаниялардан қосымша 16 грейдер қостық. Біз әуелі көлік нөпірі көп орталық көшелерді тазалаймыз. Бұл уақытша қиындық. Сондықтан халыққа түсіністікпен қарауын өтінемін.

Семей өңірінде де тоқтаусыз соққан бораннан барлық бағыттағы жолдар жабылды. Қаладан 45 шақырым жерде көліктері қарға батқан жолаушылар құтқарылды. Ал Жарма ауданында малымен қоса жоғалып кеткен тұрғын да таңға жуық аман-есен табылды. Бүгін Семейде бірінші ауысымдағы 1 ден 9-сынып оқушыларына сабақ уақытша тоқтады.

Думан Икенов, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

– Түнгі 3-тер шамасында Семей-Қайнар тас жолының бойында бір автокөлік жолда қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсіп, Семей қалалық құтқару қызметі сол автокөліктен 4 адамды аман-есен Семей қаласына көшіріп, эвакуация жасады.

Ақпанның ақтүтек бораны Қостанайда да арқырап тұр. Кешеден бері аймақта қар құрсауында қалған 446 көлік шығарылып, 135 адам құтқарылған. Облыста қазір 19 бағыт бойынша жол әлі жабық. Дегенмен қар басқан жолдар тоқтаусыз тазаланып жатыр. Оған 40 шақты техника жұмылдырылды. Ал аймақтық ауа райын болжау орталығының мамандары ақпанның соңына дейін ақборан басылмайтынын мәлімдеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Болат Көкенайұлы, Мағауия Қалиев

Хабар 24 телеарнасы