447,60 487,00 5.70

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық жас кәсіпкерлер қоқыстан әдемі әрі жайлы жиһаз жасауды жоспарлап отыр

  • 161
  • UPD: 09:59, 21.02.2020

«Мұндай өнімді экспортқа шығарсаң да ұят емес», - дейді олар.

Іскер жігіттер пластикалық шөлмектер мен бір реттік ыдыс-аяқтарды қайта өңдейтін құрылғыны да өздері құрастырыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге өнімдер Қазақстан нарығында сатылады. Ал келешекте шетелде саудаланатын болады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

-Мына құмыралар мен себеттер пластикалық шөлмек пен қақпақтардан жасалған. Қалдықтар қайтадан кәдеге жарау үшін әуелі уатқыштың көмегімен майдалап алу керек. Ұсақ қиыршықтар балқытылып, жиырма бес түрлі бұйым шығаруға пайдаланылады. «Олардың барлығына сұраныс бар», - дейді шеберхана иелері. 

Данияр Бакимов, кәсіпкер:

- Ешкімге қажеті жоқ қоқыстардан осындай әдемі заттардың жасалғанын көріп, адамдар таң қалуда. Алдағы уақытта қаладағы саябақтарда қайта өңделген пластиктерден жасалған орындықтарды қоюды жоспарлап отырмыз. Олардың неден жасалғанын адамдар біліп жүрсе екен дейміз.

Екі жыл бұрын елімізде мұндай кәсіпорындардың мүлдем жоқ екенін көрген жігіттер осы жобаны қалға алады. Қазақстанда пластикалық қалдықтардың тек 5%-і ғана қайта өңделеді. Осы мәселені байқаған Данияр Бакимов интернеттен станоктарды жасауды зерттейді. Достарымен бірге құрылғыны қолдан құрастырып, цехті іске қосады. Екі айдан соң жоба табыс әкеле бастаған. Қазіргі таңда іскер жігіттер халықаралық жиһаз нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Елдар Пірманов, кәсіпкер:

- Ұзындығы бір метр, ені 60 сантиметрлік мына тақтайшаларға сұраныс көп. Оларды неше түрлі түске бояуға болады. Шикізатты сыққышқа саламыз. Пластик еріп, сол сыққыштың астында тиісті пішін жасалады. Болашақта үстелдің үстіңгі тақтайы мен жаһаз істеуге болады.

Кәсіпкерлер болашақта бұл өндіріске инвесторларды тартпақ. Креативті дизайнерлердің көмегімен бояуы қанық, қайталанбас пішіндегі орындық, үстел, шкаф пен сөрелерді жасағылары келеді. Осылайша, ешкімге керегі жоқ пластик экономикаға қайта оралып, халыққа 10-15 жыл қызмет ететін болады. Әр сенбі сайын ашық есік күндерін өткізіп, халық арасында насихаттап жүр. Қайта өңдеудің маңызы мен құрылғылардың қалай істейтінін волонтерлар да түсіндіреді.

Медина Жақсыгелдинова, волонтёр:

- Өзімнің үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын. Осы кәсіпорын адамға көп пайдасын тигізеді. Себебі, қалған бөтелкелерді тастамай, осы жерге өткізіп, көп заттарды жасай аламыз.

Өткен жылы кәсіпкерлер 4 тоннаға жуық пластик өңдепті. Айына 300 келідей қалдық қабылдайды. Қабылдау орны әзірге цех ішінде орналасқан. Бірақ алдағы уақытта қаланың әр ауданында 40 контейнерден қою жоспарланған. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Александра Салмина,  Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы