447,59 487,00 5.74

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде тағы бір қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды

  • 154
  • UPD: 20:01, 21.02.2020

Ақтөбеде тағы бір қаржы ұйымының ісі полицейлердің назарына ілікті. Бүгін компания кеңсесінде тінту жүргізіліп, оған ақша салған азаматтарға арыз жазуларын жеткізді. Мекеме өкілдері салымшыларға құйған қаражатын бірнеше есе үстемемен қайтаруды уәде етіпті. Тіпті жеке көліктері мен пәтерін де салған тұрғындар болған. Қазір зардап шеккен ақтөбеліктердің саны анықталып жатыр. 

Әдеттегіше қаржы ұйымының кеңсесіне келген жүздеген салымшыны бүгін сыпайы жүзбен күтіп алған ешкім болмады. Компанияның есігі алдында полиция қызметкерлері тұрды. Бір бәлені іштері сезген азаматтарға мән-жайды түсіндірген жан да табылмады. Ал салымшылардың уайымы көп.

БЛИЦ: 

- Договор бәрі бар. Осылай 14 күн сайын ақша алып отырасың деп уәде берді. Ақша да жоқ, машина да жоқ. Жүрген жүрісіміз енді мынау. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жүр. Қалай сенбеймін? Бүкіл халық сеніп жатқанда. 

- Біздер бәріміз ақша салдық. Машинамызды да салып қойып отырмыз. Енді ертеңнен бастап алу керек едім.

Тапқан-таянғанын компанияға салған азаматтардың айтуынша, ұйым мол табыс табудың жолын ұсынған. Ол үшін қаржы, көлік, тіпті жылжымайтын мүлікке қатысты тиімді шарттар айтылыпты. Пайдасын көрген адамдар да болған. Нәтижесінде мекеме атауы кеңінен тарап, салымшылар көбейгенге ұқсайды. Дегенмен, бүгінгі көрініс көптің көңілін күпті етті. 

Қала тұрғыны:

- 1 млн 800 салдым бөліп-бөліп. Миллион салдым, 500 салдым. Өсіріп, 35 пайызбен салдым ғо. 40 пайызбен деп айтты. Жарнама істеді. Кеше де келіп кеттік. Таңертең де келдік. Осында тұрмыз. Ішіндегі адамдарға дейін телефондарын өшіріп тастаған. 

Бүгін ұйым кеңсесіне келген полиция қызметкерлері тінту жүргізді. Оларға қойылған сұрақтар да аз болмады. Дегенмен, мекеменің қаншалықты заңды немесе заңсыз қызмет еткені, нақты қанша адамның зардап шеккені және келтірілген шығын көлемі әзірге белгісіз. Салымшылармен жүздескен құқық қорғау органдарының өкілдері, барлық сұраққа жауап тергеу барысында белгілі болатынын жеткізді. 

Евгений Годлевский, облыстық ПД тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

- Қазір Ломбард 24 компаниясына қатысты тексеру шарасы жүріп жатыр. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Тергеу жұмыстарын жүргіземіз. Сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. Егер қандай да бір мәселе, шағымдарыңыз болса полиция бөлімдеріне барып арыздануларыңызға болады. 

Айта кету керек, мұндай деректің тіркелуі Ақтөбеде алғаш рет емес. Бұған дейін 300 мың теңге салған азаматтарға жүздеген процент үстемемен қайтаруды уәде еткен бір қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылған болатын. Ол іске қатысты соңғы рет 500 адамнан арызданғаны айтылған еді. Ал бұл жол жағдайға қатысты нақты ақпарат алдағы уақытта белгілі болмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы