435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде қармен бірге жолдың асфальті еріп жатыр

  • 184
  • UPD: 21:44, 21.02.2020

Ақтөбеде қармен бірге асфальт ери бастады. Өңірге көктем келе қоймаса да арасында ауа температурасы нольді көрсетуде. Мердігерлердің міндеттелген жұмысқа атүсті қарайтындығын билік өкілдері де мойындайды.

Автокөлік жөндеу станциялары үшін алдағы 3-4 ай жылдың ең табысты кезеңі. Автомеханиктер шұрық-тесік жолда көлігін қиратып келген жүргізушілердің санынан жаңылады. Бірінші кезекте автомобильдің дөңгелегі мен қозғалту бөлшектері істен шығады. Қызмет көрсету орнын ашқан Асхат Такуев тың да мұндай жайт басынан өткен. Жол бойындағы терең шұқырға түсіп екі бірдей дөңгелегін сындырыпты. 

Асхат Такуев, қала тұрғыны:

- Жол-көлік оқиғасы болған орынға полиция қызметкерлерін шақырып, хаттама толтырдық. Олар көліктен сапасыз жолдың кесірінен істен шыққандығын анықтады. Бірақ іс сотқа дейін жеткен жоқ. Коммуналдық мекеме жағдайды түсініп, барлық шығындарымды өтеп берді. 

Мұндай жағдай Ақтөбеде жыл сайын тұрақты түрде қайталанып келеді. Көктем келе көлік жүргізушілері қыстан аман қалған көшелерді іздеп әлек. 

Дүйсен Жайханов, қала тұрғыны:

- Сәңкібайдың бойы қазір ұзынынан шұрық-тесік болып жатыр. Сосын мына Тургеневтің арғы жағы, былтырғы салған жолдар ғой бәрі. Биыл қайтадан ойылып жатыр ғой енді. Қалай істейді, келесі жылы қайтадан осындай состояниеге жетеді ғой бәрі де. Качество жоқ істелгеннің бәрі де. Істеледі, келесі жылы осындай болады. Суағарлар жоқ біздерді. Соның кесірінен жол тесіледі. қайтадан. 

Руслан Мүсіров, қала тұрғыны:

- Налог алады бірақ өлітіріп тұрып, Налог уақытында төлемесең машинамен тоқтатып алады гаилер. Ал істеп жатқандары мынау ғой енді. Әншейін тек жамайды өтірік. Жамаса. Жамамаса ол да жоқ. Жыл сайын осылай. 

Жанболат Индербаев, қала тұрғыны:

- Жол, бүкіл жер, Тургеневтен басқасының барлығы шұрық-тесік деуге болады. Сосын су постоянно. Наводнение міне еріп жатыр. Алдында жаңбыр жауды, дым көрінбей қалды. Көп жерлер су болды. Енді амал жоқ жүреміз енді. 

Шенеуніктер де жүргізушілерге шыдай тұрыңдар дегеннен аспай отыр. Әзірге көшелердегі шұрық-тесікті кесек тастармен бітеуде. Бұл ауа-райы қолайлы кезеңге дейін тығырықтан шығу әдістері. 

Дегенмен, салынғанына бір жыл ғана өткеніне қарамастан қирап қалған көшелер де аз емес. Мәселен, Кеңес Нокин даңғылы күрделі жөндеуден кейін көп ұзамай қайтадан астаң-кестеңі шыққан. Мұндай жағдайда құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өз есебінен қайтадан жөнге келтіруі тиіс. 

Руслан Төреғали, Ақтөбе тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Жөндеу құрылыс-монтаждың кепілдік мерзімі 3 жыл болғандықтан, яғни, барлық 3 жылда салынған жолдарға тағы да тексеріс жүргізіліп, ақаулар анықталған жағдайда бірінші мердігер мекемеге қалпына келтіру туралы хат жолданып, келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге тура келетін болады. 

Әзірге қалалық әкімшілік үш компанияға қатысты сотқа арызданып, істі жеңіп шыққан. Күн-райы жылыған соң олар өз есебінен жөндеу жұмыстарына кірісуі тиіс. Қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты Андрей Кудеев мұндай жолмен жағдайды түзету мүмкін емес дейді. Оның айтуынша елімізде қолданылатын асфальт төсеу стандарттары әбден ескірген. Сондықтан уақыт талабына сай жаңа әдіс қолдануды ұсынуда.

Андрей Кудеев, «Қазақстанның аймақтық депутаттар одағы» ҚБ төрағасы:

- 2014 жылдан бері парламент пен техникалық реттеу комитетіне депутаттық сауал жолдап келем. Жаңа стандарт қабылдағанша жолдарды жобалау мен барлық құрылыс жұмыстарын тоқтату керек. Заманауи талаптар ескерілген жаңа стандарт қабылданғаннан кейін ғана жолдың сапасы түзеледі. Бірақ осы уақыт аралығында өзгеріс бола қойған жоқ. 

Экс-депутаттың айтуынша, жол салу талаптары кеңестің кезеңнен бері өзгермеген. Ескірген әдіспен асфальт төсеуге Ақтөбеде 2018 жылы 2 жарым миллиард теңге жұмсалса, былтыр 4 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлініпті. Биыл да билік өкілдері көшелерді жөнге келтіруге шамамен 5 миллиард теңге жұмсауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы