439,01 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында баспанаға мұқтаж жандарға 300 сертификат беріледі

  • 168
  • UPD: 14:42, 22.02.2020

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында биыл Маңғыстау облысында 300 сертификат беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни көпбалалы және толық емес отбасылар мен мүгедек бала бағып отырған жандар баспаналы болады. Үй алуға қажетті алғашқы 10 проценттік жарнаны жергілікті билік төлеп береді. Осы мақсатта қазынадан 300 миллион теңге бөлініп, аудан, қалаларға үлестіріліп берілді.

Мұнайлы ауданындағы Дәулет ауылында тұратын 6 баланың анасы Толқынай Байманованың қуанышында шек жоқ. 9 жыл бойы аядай ғана сарайды жалдап келген көпбалалы отбасы жаңа үйге көшті. «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтініш тастаған соң көп ұзамай жолдама беріліп, бір айдың ішінде 4 бөлмелі үйге қол жеткізген.

Көпке қуаныш сыйлаған «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруда былтыр Маңғыстау облысы үздіктер қатарынан көрінді. Аймақ бойынша 231 пәтер берілді. Оның ішінде 111 көпбалалы отбасы, 84 толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 36 отбасы жаңа үйге кірген.

Нұрлыбай Аққұлов, облыс әкімінің орынбасары:

– Республика бойынша бөлінген қаражат болғаннан кейін қай облыс, қай өңір өзінің осы бағдарлама жұмысын жедел ұйымдастыра біледі. Осыған байланысты әуелі 220 пәтер облыстағы Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен 5 ауданға бөлініп, жұмыс жасағанбыз.

«Бақытты отбасы» - көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың баспаналы болуына мүмкіндік беретін ең тиімді бағдарлама. Небәрі 2 процент жылдық үстемақымен 20 жылға дейін үй несиесін рәсімдеуге болады. Алғашқы 10 проценттік жарнаны жергілікті билік төлеп береді. Басты шарты – үйге мұқтаж ретінде кезекте тұруы тиіс.

Нұрлыбай Аққұлов, облыс әкімінің орынбасары:

– Былтыр бірінші қолданыстағы немесе жаңа тұрғын үй алған жағдайда ғана мемлекеттік тұрғын үй сертификатын беретін. Жасыратыны жоқ, көп адам екінші қолданыстағы үйлерге өзінің таңдауын жасағаннан кейін, ол қаражатты алдын ала төлем беруге мүмкіндік болған жоқ. Осы мәселе биыл қайта қаралып, қазір аламын деген адамдардың барлығына бастапқы жарнаны төлеуге бөлінетін болды, келісім алынды.

Аймақта үй кезегінде 21 мыңдай адам бар екен. 10 мыңға жуығы бюджет қызметкерлері, 8 мыңдайы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. 1712-сі көпбалалы отбасы.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы