439,01 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында жұмыссыз жастар кәсіпкерлікке бет бұра бастады

  • 211
  • UPD: 20:46, 22.02.2020

Жамбыл облысы Сарысу ауданында жұмыссыз жастар кәсіпкерлікке бет бұра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуырда 20 адам қайтарымсыз грант алып, кәсіпкер атанды. Өз ісін бастауға ниеттеніп, еңбекке араласқан азаматтарға 35,5 миллион теңге берілген. Қаражат алғандар негізінен өндіру, өңдеу ісіне ден қойып отыр.

Нұржан Оңалбеков шалғайдағы Ұйым ауылында шағын құс шаруашылығын ашты. Ол кәсіптің осы түрін теледидар арқылы көріп, өз ісін бастауға бел буған. Алайда, қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып, біраз бос жүріп қалыпты. Кейін жаңа бизнес үшін қайтарымсыз грант барын естіп, аудандық әкімдікке жүгінді. Сәті түсіп, жобасы демде мақұлданды. 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, қазір шаруасын дөңгелетіп отыр.

Нұржан Оңалбеков, кәсіпкер:

- Жемін беріп, жылы су беріп, күтімді жақсы көреді. Күтімі жақсы болса, жұмыртқаны да жақсы береді. Ал мына бөденеге келетін болсақ, бұл өзі нәзік әрі ерекше күтімді қажет етеді бұған. Оған да арнайы өзінің жемін беріп, енді-енді үйреніп жатыр. Енді көбейіп келе жатыр. Ауа райы да суық болып қолайсыздау болып отыр бұларға.

Шағын кәсіп иесі қорасында 250 тауық, 100 шақты бөдене асырап отыр. Келешекте санын көбейтіп, өнімді аудандық нарыққа шығармақ. «Бірақ әзірге сұраныс аз. Жұрт бөдене жұмыртқасының пайдасын толық түсінбей отыр», - дейді ауыл кәсіпкері.

Нұржан Оңалбеков, кәсіпкер:

Ол денсаулыққа пайдалы. Іш құрылыс, асқазанға біраз ем болады. Табиғи ем ғой. Ауыл тұрғындары өздері емге алып жатыр. Шамалы емдік қасиеті бар екенін білетіндер өздері келіп алып жатыр.

Жалпы қайтарымсыз гранттар байқау негізінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында беріледі. Былтыр оған 58 адам қатысып, 20 жоба үздік шыққан.

Бейсен Шалабаев, Сарысу аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

- Негізгі ұтып алған азаматтардың кәсібі өндіруге, өңдеуге бағытталды. Бұның ішінде қауынқақ өндірісін дамыту жобасы бар, құрылыста қолданылатын қолғап шығару. Бұлардың барлығы бүгінгі күнге қажетті құрал-жабдықтарын алып, өзінің кәсіп ашатын орынжайларын дайындап кәсіп ашуға кірісті.

Айта кету керек, бұл байқауға тек қана инновациялық бағыттағы бизнес идеялары бар азаматтар қатыса алады. Жыл басынан бері 18 адам 40 миллион теңгенің жобасын ұсынып, құжаттарын өткізіп қойды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы