447,59 487,00 5.74

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының тұрғындары баспанасы өртенген отбасыларға үй салып берді

  • 225
  • UPD: 11:35, 23.02.2020

Түркістан облысының тұрғындары ақша жинап, баспанасы өртенген екі отбасына үй салып берді. Оқыс оқиға өткен жылдың қараша және биылғы жылдың қаңтар айында Кентау қаласына қарасты Жүйнек ауылында болған. Тілсіз жау қыстың көзі қырауда шиеттей бала-шағалы екі отбасын баспанасыз қалдырды. Өртенген үй иелерінің айтуынша, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен татулығының арқасында ел болып, үй салып берді.

Бұл Жүйнек ауылының тұрғыны Назира Әбдуаһапованың шаңырағы. Өткен жылдың қараша айында баспанасы өртеніп, үйсіз қалған болатын. Бес баланың анасы «өрт болған күні үйде ешкім жоқ еді, балалар сабақта, жолдасым екеуіміз де жұмысқа кеткенбіз» дейді. Тілсіз жау демде 5 бөлмелі үйді күлге айналдырып, ай мен күннің аманында көпбалалы бір отбасын үйсіз қалдырды. Алайда, ауыл тұрғындары ауызбіршілік танытып, ұйымдасып, баспанасыз қалған отбасына дереу көмек қолын созыпты.

Назира Әбдуаһапова, Жүйнек ауылының тұрғыны:

-Ақсақалдар барлығы жиылып, ақылдасып, маған көмек берді. Мына үйді 40 күн ішінде бітіріп, мені ішіне кіргізді. Рахмет халқыма, үй салып берді. Көшеде қадырмады.

Құндыз Файызханованың баспанасы қаңтар айында өртенген. Сол күні үйінде қызы мен келіні болыпты. Тілсіз жау үйдің шатырынан шыққандықтан олар ештеңе сезбеген. Тек көршілері келіп, «үйлерің өртеніп жатыр» дегенде ғана сыртқа шығып үлгеріпті. Дүние-мүлкі тұтас жанып кеткен. Бұл отбасы да халықтың қолдауының арқасында жаңа үйге кірді.

Құндыз Файызханова, жүйнек ауылының тұрғыны:

-8 қаңтарда үйіміз өртенген болса, 2 ақпанда үйге кірдік. Соның барлығы мына халықтың елдің, көршілердің арқасы. Рахмет айтамын. Жеті жастан жетпіс жасқа дейін көмектесті. Күннің аязына қарамастан қол ұшын созды. Көмек берді.

Жүйнек ауылдық округіне үш елді мекен кіреді. 10 мыңнан аса халық тұрады. Бірі- кірпішін, екіншісі- шипырын, үшіншісі – цементін беріп, қолдан келгенше көмектескен. Қаржылай қолдағандар да болыпты. Халықтың баспанасыз қалған ауылдастарына асарлатып, үй салып беруіне ақсақалдардың да ақылы көп септігін тигізген.

Фархат Абдуллаев, Жүйнек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы:

Барлығын берді адамдар, материал берді, ақшалай берді. Ұсталар тегін істеді. Осы дәрежеге жеткіздік. Бірінші мақсат – үйіне кіргізу болды. Оның барлығы ауылдың ауызбіршілігі, үлкенді сыйлау, көршіні құрмет тұту, өзімнің бір бауырым дегенді жастарға сіңіріп жатырмыз. Мына жұмыс соның бір көрінісі.

Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Ауызбіршілік бар жерде береке болады»-дейді ауыл ақсақалдары. Ынтымағы жарасқан ауыл азаматтарының игі ісі көпке үлгі болмақ.

Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы