417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте домбыра жасайтын шеберлер тапшы

  • 645
  • UPD: 15:23, 24.02.2020

Шымкентте ата кәсібімізді қайта жаңғыртып, оны кәсіпкерлікпен үйлестірген Мұталхан Байырбеков есімді шебер тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ол өзінің домбыра жасайтын шеберханасына маман іздестіру үстінде. Мұталханның айтуынша, елімізде қазақтың ұлттық аспабын дайындайтын сала мамандары саусақпен санарлық. Сондықтан ұста жас мамандарды шеберлікке баулуды көздеп отыр. Тіпті әр шәкіртіне ай сайын жалақы да төлемек.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Иә, бұл аспап – көненің көзі. Домбыра арқылы елдің қуанышы мен мұңын жеткізуге болады. Домбыра музыкалық аспап қана емес, білім мен тәрбиенің нағыз қайнар көзі.

Мұталхан Османұлы домбыра жасауға бала кезден машықтаныпты. Шебердің қолына тиген доғал ағаш әп-сәтте осындай әдемі, зерлі бұйымға айналып шыға келеді. Арнайы станоктың көмегімен ол ұлттық аспаптың бет тақтайын ретке келтіреді. «Бұл істе әуелі икем мен асқан ептілік қажет», - дейді ұста.

Мұталхан Байырбеков, шебер:

- Бет тақтайтын жақсылап мән беріп жасаса, ары қарай домбыра жақсы шығады. Өйткені нотаның бәрін беретін бет тақтай жағы.

Мұталхан ата кәсіпке негізделген инновациялық жобасының арқасында мемлекеттен грант жеңіп алған. Қайтарымсыз қаржыға бірнеше ағаш жонатын қондырғы алыпты. Қазір шеберханасында өзімен бірге 3 адам жұмыс істейді. Олар еңбегіне қарай тәп-тәуір табыс табады. Шебердің алдағы уақытта ұстаханасын кеңейтсем деген жоспары бар.

Мұталхан Байырбеков, шебер:

- Бізде қазір жұмысшы саны қажет. Біз оны қарастырып жатырмыз. Өзіміздің туыстардан, сосын арғы-бергі жақтан сұрап жатырмыз. Ол шықпаған жағдайда қаладағы жұмыспен қамту орталығына барып біз өтінім бермекшіміз.

Шымшаһардағы жұмыспен қамту орталығы шеберге қол ұшын беруге дайын. Себебі екі қолға бір күрек іздеген жас мамандарға бұл таптырмас мүмкіндік болғалы тұр.

Дәурен Дүйсебаев, қалалық жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы:

- Ол кісіге кез келген мамандық иесі бола береді. Ол өзі үйретіп алады. Бұл жерде домбыра жасауға арнайы өзі бекіткен айлық төлемін жүргізеді. Баспанасы бар, тамағы бар, барлығын өзі қамтамасыз етемін деп отыр. Біз орталық тарапынан ол азаматқа жәрдем береміз.

Шебердің өнегелі ісін үйреніп, оған қолғабыс жасап жүрген ізбасараның бірі – Мәдіхан Тәжиев. Мәдіхан кәсіби домбырашы. Қаладағы өнер орталықтарының бірінде еңбек етеді. Ал қолы қалт етсе шеберханада жұмыс істеп, осы өнердің қыр-сырын үйренумен келеді.

Мәдіхан Тәжиев, домбырашы:

- Мен үшін ойнау оңай. Ал жасауға келсек, сыртынан қарасаң, оңай нәрсе сияқты. Ал ішіне үңілсең, қиыншылықтармен кездестім. Бұл – өте жүйкені жұқартатын жұмыс. Ағаштың иінін иію керек. Оны жөндеп кесу керек. Артық-кем шауып алмай, жонып алмау керек.

Мұталханның қолынан шыққан домбыра негізінен жаңғақ ағашынан дайындалады. Жалпы домбыра – қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын аспап. Бүгінде оны әлем мойындады. ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларының тізіміне енген.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы