420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе маңындағы ауылдың тұрғындары қоғамдық көліктің тұрақты қатынауына мұқтаж

  • 780
  • UPD: 20:45, 24.02.2020

Ақтөбе маңындағы Ақшат ауылының тұрғындары не жұмысқа, не оқуға уақытында жете алмай жүр. Бұған елді мекенге қатынайтын автобустардың жиі бұзылуы себеп.

Ал халықтың бұл шағымына құлақ түріп, көмектесер ешкім жоқ. Жергілікті әкімдердің де, тасымалдаушы мекемелердің де уәде бергеніне біраз уақыт өтіпті.

Тұрғындардың айтуынша, мәселенің ушығып бара жатқанына екі жыл болып қалды. Алайда еш өзгеріс жоқ.    

Ақшат ауылы қаланың аумағына кіретін елді мекендердің бірі. Облыс орталығынан бар болғаны 15 шақырым қашықтықта жатса да қатынайтын қоғамдық көліктердің жиі сынып, уақытында жүрмеуі тұрғындардың жүйкесін тоздырған. Десек те, ауылға келетін жалғыз бағыттағы автобус болған соң амалсыздан күтуге мәжбүр.    

Ардақ Төлеуова, Ақшат ауылының тұрғыны:

- Алты жарымда жұмысқа барамыз, қалып қоямыз. Қайта-қайта түсініктеме жазу деген ұят қой тіпті. Енді бір дұрыстау автобус берсе екен. Қаншама жалоба айтып жатырмыз, жазылып жатыр. Бір ешқандай результат жоқ.

Жыл өткен сайын үлкейіп жатқан ауыл тұрғындарының шағымы құзырлы мекемелерге талай жеткен. Тек мәселенің түбегейлі шешілетін түрі жоқ. Бар болғаны, жиі бұзылатын автобустардың орнына  басқа тозығы жеткен автобус жібереді екен. Салдарынан көп уақыт өтпей, Ақшаттан шыққан автобус қалаға немесе Ақтөбеден ауылға жете алмай қалатын көрінеді. 

Нұрлығайым Жаңабаева, Ақшат ауылының тұрғыны:

- Совет үкіметіндегі 50 жылдық автобус жүріп жатқан. Шұрық-тесік. Жаз болса ішінде құм бұрқырайды. Жаңбыр жауса, ішіне жаңбыр жауады. Балалардың барлығы мұнда студенттер. Адамдар қалаға қатынап жұмыс істейді. халықтың табатын ақшалары шайлығынан ауыспайды. Олар бұл жаққа таксимен қатынай алмайды. Бізге халықтың жағдайын түсініп, жаңадан автобус бергенін сұраймыз.

Гүлжан Сақтағанова, Ақшат ауылының тұрғыны:

- Өзіміз лично жалоба айттық. Бір емес, екі әкімге. Былтырдан бері қақсап жатырмыз. Ешқайсысы бізге мән бермейді. Біз енді қай жаққа жеткіземіз осы жанайқайымызды. Неге бізге тәуір автобус бере алмайды?

Ал тасымалдаушы мекеме өкілдері қолдан келер шара жоқ дейді. Ақтөбе маңындағы ауыл-аймақтарға тек ПАЗ автокөлігі белгіленген. Бірақ барлығының да қызмет ету мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен соң қазір әрең жүр. Ал жаңасын сатып алу мекеменің басты құрылтайшысы әкімдіктің қаржы бөлуіне байланысты.

Асанәлі Бимырза, «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлігі кәсіпорны» жшс бөлім жетекшісі:

- Кәсіпорынның мүмкіндігі аз. Сондықтан, жергілікті атқарушы биліктің қолдауына сүйенеміз. Ақшат ауылына келісім бойынша тек бір бағытта ғана автобус жүреді. Басқа жолы қарастырылмаған. Жалпы, бізде сыйымдылығы үлкен қоғамдық көліктер бар. Бірақ, олардың бауыры төмен болғандықтан, ауылдық жерлерге арналмаған. 

Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе өте өзекті боп тұр. Белгілі болғандай, автобустар ауыл түгілі, қаланың өзінде тапшы. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын екі мекемеден күніне 300-ге жуық қоғамдық көлік шыққанымен, әлі жүз шақты автобус жетіспейді.

Жайық Қодаш, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің жетекші маманы:

- Осы автобус жетіспеушілігі салдарынан кейбір автобустардың аралық уақыттары 30-40 минуттарға созылып кетуде. Қазіргі таңда ол мәселені шешу үшін аталған мекемелер тарапынан бірігіп жаңа автобустар сатып алу мәселелері қарастырылу үстінде. 

Қоғамдық көлікке қатысты мәселенің қашан шешілетіні әзірге белгісіз. Нақты жауабын айту қиын дейді мамандар. Жетпей тұрған 100 автобустың да қай уақытта алынатыны беймәлім. Сондықтан жақын маңдағы ауыл тұрғындарына да әзірге амалдай тұруға тура келетін секілді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы