413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қар ерісе Қараөткел қалай болады

  • 330
  • UPD: 10:51, 25.02.2020

Қала сыртындағы елді мекендер де қар ерігенде әбігерге түсуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қардың жылдағыдан көп түсуі елді мекендердің тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Қауіпті аймақтың бірі – Қараөткел ауылдық округі.

«Жолымызды да, үйімізді де қар басып қалды. Тазалап жатқан ешкім жоқ. Өзіміз ақша жинап, осы көшені тазалаттық. Міне, үйіп қойды. Көктемде ерісе, не болады. Әкімдік дегенді көрген жоқпыз. Қанша рет бардық. Қардың жатқаны мынау. Үймен үй болып, тау боп жиналып тұр. Өздеріңіз көріп тұрсыздар».

Бұл – Қараөткел ауылдық округі тұрғындарының жанайқайы. Өткен жылы көктемде аймақты су алып, бірнеше үй көшіп кеткен. Биыл қар одан да көп түсті. Халықты көктем не болары алаңдатады.

Уәли Оразбек, ауыл тұрғыны:

– Осы қыста әкімдіктен қар жиналған жоқ. Біз көрмедік. Елдің шулағанымен, енді ғана басталды. Бұрын қар аз түскен кездің өзінде үйлерді су алып жататын. Енді биыл мүлде қиын болады.

24 мыңнан аса тұрғыны бар округ әкімінен мән-жайды сұрап білдік. Жұмыстың тоқтаусыз жүріп жатқанын айтты. Алдағы көктемге дайындықты бастап та кеткен. Арнайы штаб құрылып, апта сайын тұрғындарды қабылдап отыр. Бірақ техника жетіспейтін көрінеді. Баяу жұмыстың себебі де сол дейді ауыл әкімі.

Саят Қаханов, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:

– Жаңа өздеріңіз көрдіңіздер, қардың биіктігі 3-4 метрге дейін барады. Тоқтаусыз жұмыс жасалып жатыр. Бірақ үлгермей жатырмыз. Күніне 6-7 техника шығады. Техника аз, сондықтан үлгермейміз.

Елді мекенде қалың қарға қуанып жүргендер де бар. Балалар армансыз ойын қуып, түрлі аққала жасап мәз болады. Тек ауламызды қар басып қалғаны болмаса, бізге бәрі ұнайды дейді олар.

Хабар 24 телеарнасы