431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 96 елді мекен су астында қалуы мүмкін

  • 175
  • UPD: 10:37, 25.02.2020
Қостанай облысында 96 елді мекен су астында қалуы мүмкін

Биыл Қостанай облысында қардың қалыңдығы былтырғы мөлшерден 135 процентке жоғары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты көктемде 96 елді мекен су астында қалуы мүмкін. Төтенше жағдайлар қызметі айтып келмейтін апаттың алдын алуға қазірден қам жасап жатыр. Әсіресе, Қарасу ауданы ылғал қоры шектен тыс жоғары өңірлер тізімінде көш бастап тұр. Биыл мұндағы Түнтүгүр, Қойбағар, Қарақамыс көлдерінде мұз жару жұмыстары өткен жылға қарағанда екі есе артық жүргізіледі. Осылайша судың өз арнасымен еркін ағуына жағдай жасалмақ. Қазірдің өзінде әр елді мекен бойынша жоспар әзірленген. Техникалар сайланып, керек-жарақтар дайындалған. Бұл мақсатқа арнайы қордан жеті жарым миллион теңге қаралып отыр.

Виктор Ионенко, Қарасу ауданының әкімі:

– Су тасқыны аудандағы 14 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Бірінші кезекте қар тазарту жұмыстарына мән берудеміз. Бұл шаралар наурыздың сегізіне дейін жалғасады. Одан соң арықтарды, су өткізу құбырларын тазартуға кірісеміз. Ал мұз жару жұмыстары наурыз айының соңында басталады. Негізінен су тасқынынан қауіп сәуір айының ортасында күшейеді деп болжап отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы