432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендегі «Самал» саябағына қатысты дау туды

  • 358
  • UPD: 15:34, 25.02.2020

Өскеменде өткен жылы ғана ашылған «Самал» саябағына қатысты шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демалыс орнын салуға атсалысқан бірнеше қосалқы компания бас мердігер мекемені сотқа берді. Өйткені олар 5 айдан бері тиісті жалақыларын ала алмай сенделіп жүр. Құрылысшылардың айтуынша, қала әкімдігінің ұсынысымен бастапқыда саябақты салу үшін өз қаражаттарын бөлген. Тендер өткен соң анықталатын бас мердігер компания олармен есеп айырысуы керек болатын.

Өскемендегі «Самал» саябағы өткен жылдың тамызында ғана сән салтанатымен ашылған еді. Демалыс әрі спорттық сауықтыру орнында футбол, волейбол, теннис алаңдары шоғырланған. Алайда бұған тер төккен құрылысшылардың еңбегі әлі төленген жоқ. Бас мердігер компания қосалқы құрылыс мекемелерін уәдемен тойдырып келеді.

Руслан Сағымбаев, учаске басшысы:

– Біз жағажай салдық. Жағажайға 30 мың текше метр балшық шығардық. Қаншама асфальт кетті. Қазір ақша жоқ. Маған 3 миллиондай қарыз.

Былықтың басында қала әкімдігі тұр дейді құрылысшылар. Олар тендер өткенше, жұмысты өз қаражаттарыңызға бастай беріңіздер, артынан есептесеміз деген. Бұл ұсынысты 5 мекеме қабыл алып, іске кірісіп кеткен.

Анатолий Томилов, құрылыс компаниясының директоры:

– Біз неге бұлай жұмысты бастап кеттік? Өйткені қалалық әкімдік пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бізге кепілдік берді. Сендер бастапқыда өз қаржыларыңды бөліп, шаруаны бастай беріңдер, бас мердігер бәрібір анықталады, сол кезде қарыздарыңызды аласыңдар. Сөйтіп саябақты салуға көмектесесіздер деді.

Тендер тек шілденің соңында өткізілді. Оны жеңген бас мердігердің саябақты салып бітіруіне 1 ай мерзім берілді. Ал шындығында 5 ай бұрын басталған құрылыстың бұл кезде 80 проценті аяқталып қойған еді. Әкімдік бас мердігерге бұл жоба үшін 550 миллион теңгеден астам қаражат бөледі. Алайда ол қосалқы құрылыс компаниялары алдындағы берешегін жабуға асығар емес.

Айнаш Садықова, құрылыс компаниясының директоры:

– Біздің бір білетініміз, 550 миллион теңгенің 20 миллионын жарықтандыру бойынша істеді, қалған соманы субмердігер ұйымдар арқасында істеп біткен дүние. Қазіргі жағдайда ол ұйымдарға 171 миллион теңге қарыз. Кредиторлар таза «Самал» саябағынан құралған.

Бас мердігер Александр Хасис банкротқа ұшыраудың алдындамын деп ақталды. Сондықтан берешекті өтеуге шамасы жетпей жатқан көрінеді. Алайда денсаулығына байланысты өзі сұхбат беріп, жағдайды ашық түсіндіруден бас тартты. Айта кету керек, саябақтағы кейбір жұмыстар әлі соңына дейін бітпеген. Ендеше ақша қалай толық жұмыс үшін бөлінді деген заңды сұрақ тауындайды. Енді бұның егжей-тегжейін прокуратура анықтайды.

Тамара Рахымжанова, қала әкімінің орынбасары:

– Бұл сұрақ бақылауда, Қазір қалалық прокуратура барлық тиісті құжаттарды тексеруге алды. Мердігер мекемелер полиция басқармасына да шағымданды.

Әкімдік құрылысшыларға көмектесеміз деп уәде берді. Берешек сома бас мердігердің өзге жобаларға қарастырған қаражатынан қайтарылуы да ықтимал.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы