445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеліктерге мол табыс табуды ұсынған қаржы ұйымына қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • 142
  • UPD: 23:10, 25.02.2020

Зардап шеккен салымшылар өте көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық полиция департаментіне күніне ондаған адам келіп арызданады. Олар компанияға құйған қаржылары мен көлігін, тіпті пәтерлерін қайтара алмай әлек.

Айта кетейік, өткен аптада «Гарант 24» серіктестігінің Ақтөбедегі кеңсесіне тінту жүргізілген еді. Себебі, оның ісіне қатысты шағым көбейген. Ал тергеу барысында ұйым жұмысынан қаржы пирамидасының белгілері анықталды.

Қаржы ұйымының әрекетінен сан соғып қалған Ильмира Мағзумова, бүгін полицияға арыз түсірді. Ол 4 бөлмелі пәтерінен айрылып қалған. Алғашқыда әлеуметтік желі арқылы пәтерін сатуды жариялаған оған тұтынушы нарықтық бағадан әлдеқайда көп ақшаға алатынын жеткізген. Ал, келісім заңды болуы үшін шартқа отырып, пәтерді қаржы ұйымына өткізуді өтінген.

Ильмира Мағзұмова, қала тұрғыны:

Қазір үш баламмен үйсіз қалдым. Әзірге ағайындарымды паналап жүргенімізбен, пәтер жалдап тұруға мәжбүрміз. Олар баспанамызды алғанымен, кейін оны арзан бағамен сатып жіберген. Оны кейін білдік. Бұл нағыз алаяқтардың ісі.

Ақшадан өзге, көлік пен жылжымалы мүлікке қатысты іс жүргізген қаржы ұйымының әрекеті өткен аптада әшкере болған еді. Көпшілікке мол табыс табудың жолын ұсынған компания, кез келген мүлікті нарық құнынан 30% жоғары бағада алып, кейін әлде қайда арзанға сатып отырған. Ал, ұйымға қаржы әкелуге дайын адамды қосқан салымшыға қосымша төлемақы беріліп отырған. Осындай жүйе арқылы он мыңға жуық адамның компанияға ақша салғаны анықталып отыр.

Ерболат Сарқұлов, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Ғимаратты тінту барысында полиция қызметкерлері 11 мыңнан астам азаматтармен және аталмыш ЖШС арасында келісімшарттарды және де компьютерлерді тәркіледі. Қазіргі таңда, «Гарант 24 Ломбард» ЖШС Ақтөбе филиалының басшысына қатысты іздестіру жұмыстары жүргізілде.

Ақтөбелік полицейлер соңғы бір ай ішінде төрт бірдей ұйым ісін әшкереледі. Барлығы да мол табыс табудың жолын ұсынып, шексіз ақшаға кенелтеміз деп уәде еткен. Жарнамасына сенген салымшылар қазір полиция департаментін торуылдап жүр. Күніне ондаған адам келіп, арыз жазады. Барлығы да салған мүліктерін кері қайтара алмай әлек. Тек бүгінге дейін 4 компанияға қатысты мың жарым арыз түсірген.

Евгений Годлевский, облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының м.а:

- Барлық компаниялардың әрекетінен қаржы пирамидаларына тән белгілер анықталды. Бірақ нақты қорытындысын қолда бар дәлелдердің негізінде сот қояды. Қазір күдіктілердің мүліктерін тәркілеу үшін тиісті шараларды қолға алдық. Компанияларды тінту барысында қаражаттар да тәркіленді. Ол шығынды өтеуге жұмсалатын болады.

Мыңдаған адам алданған қаржы ұйымдарына қатысты істің немен аяқталары әзірге белгісіз. «Дегенмен, полиция зардап шеккен адамның арызданғаны жөн», - дейді. Сонда ғана алдағы уақытта шығынды өтеуге мүмкіндік барын айтады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы