435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ел бойынша «Көктем-2020» атты оқу-жаттығу шарасы өтті

  • 239
  • UPD: 23:29, 25.02.2020

Күн сәл жылыса, қызыл судан қауіп көбейетін түрі бар. Бүгін еліміздің құтқарушылары дайындықтарын пысықтап, алдағы күнге қам жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу-жаттығу барысында арықтар мен елді мекен іштері қардан тазартылды.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Елордада көктемде су басуы мүмкін 37 аумақ бар. Әсіресе, қала шетіндегі жер үйлерге қатер төніп тұр. Мәселен, бір ғана Ильинкада 55 шаңырақты қызыл су алуы кәдік. Себебі далада қар қалың. Сондықтан елді мекен маңы мынадай бөгеттермен қоршалып жатыр.

Биыл қалаға ақ ұлпа жылдағы нормадан 4 есеге көп жауды. Шаһардан 4,5 миллион текше метр қар шығарылды. Жатқаны қанша әлі?! Көз көріп жүр.

Блиц:

Қорқамыз енді. Қар көп. Білмеймін, енді көмектеспесе. Сенеміз көмек етеді деп.

Қардың көптігі өз алдына. Күн жылынады деген болжам бар. Мәселен ертең ауа температурасы +4 градус болмақ. Одан соң қар аралас жаңбыр жауады. Наурыз жылдағыдан жылырақ болады деген болжам және бар. Қардың ылғалдылығы да жоғары. Яғни, биыл қызыл судың қаупі жоқ емес.

Бауыржан Сыздықов, қалалық ТЖД бастығы:

- Қардың ылғалдылығы 20-40% жоғары. Сондықтан соған байланысты бізде біраз қауіп бар деп санаймыз. Енді айналып келгенде қазақта жақсы сөз бар. «Күндіз киіз, түнде мүйіз» деп айтады. Егер түнде қатып, түнде еритін болса, жаңағы бірден күрт жылып кетпейтін болса, онда біртіндеп су тасу кезеңдерінен шығып кетуге болады.

Ләйім тыныш болғай. «Тыныш болсын» деп төтенше жағдай қызметінің өкілдері мен әскерилер бүгін жаппай дайындықтарын пысықтады. Ел бойынша «Көктем-2020» атты оқу-жаттығу шарасы өтті. Судың бетін қайтару үшін бас қалада 1000 адамнан тұратын жеке құрам жасақталған. Биыл 152 техника алыныпты. Қауіп болған соң әлі оңтүстік аймақтардан да қосымша техникалар тартылмақ. Су соратын мотопомпалар сатып алынып жатыр. Бәрі де қыр артында тұрған көктемге деген қамдық қой. «Дайындық, зая кетпесе», - дейді қалың жұрт.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы