435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары пысықталды

  • 134
  • UPD: 12:09, 26.02.2020

Бір ғана Павлодар облысында су басу қаупі жоғары 30-дан аса аумақ бар. Қазір онда қар шығару жұмыстары қарқын алып, су тоқтататын дамбалар бекітіліп жатыр. Тасқынға тосқын болар шаралар барынша пысықталуда. Айталық, Төтенше жағдайлар департаменті коммуналдық қызмет және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесіп  «Көктем-2020» командалық - штабтық оқу жаттығуларына кіріскен.

Биыл қыс қарлы болды. Алыс ауылдарды былай қойып, коммуналдық сала облыс орталығындағы қарды шығарып үлгіре алмай жатыр. Оқу-жаттығу шаралары бүгін барлық аудандарда өтті.  Қауіпті деген аймақтардың қары күрелді. Бірақ бұл теңізге тамған тамшы ғана. Апат айтып келмейді. Су -  жолындағыны жайпап өтетін тілсіз жау. Үйдің биіктігімен бірдей қар күрт ерісе  сай саланың бәрі суға толатын түрі бар. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Кенжекөл ауылының орталығына жедел әрекет ету жасағының күш пен құралдары шоғырланды. Ол 200-ден астам адам мен 100-ден астам арнайы мамандандырылған техника. Олардың бәрі көктемгі су тасқыны кезеңінде болуы ықтимал апатты жағдайларды жоюға атсалысатын болады. 

Кенжекөл 9 мыңдай тұрғыны бар үлкен ауыл. Оқу-жаттығу өткізуге бекер  таңдалмаған. Себебі қауіп  Ертіс өзенінен  келеді. Жаттығу бойынша Шүлбі су қоймасы  жоспардан тыс су босатты. Үлкен су ауылдың шеткі көшелерін алып кеткен. 15 үй зардап шекті. 

- Записываете полностью адрес. Адрес записали, всех членов с указанием возраста объязательно указываете есть ли в семье пожилые люди. Старики хорошо, инвалиды. 

Бұл ауылда екі мыңдай ірі қара, төрт мыңдай ұсақ мал бар екен. Жағдай күрделенсе қорадағы малды да құтқаруға тура келеді. Жергілікті атқарушы билік наурыз айы туысымен тәулік бойы кезекшілік орнайтынын айтады. Тұрғындарды  ақпараттандырып отыру мамандарға жүктеледі. 

Серік Шуақбаев, кенжекөл ауылдық округінің әкімі:

- Биыл білесіздер өздеріңіз, көріп тұрсыздар екі есе бізде қар түсті. Ол қарды біз бір ай болды шығарып жатырмыз. 6 камаз, 2 погрузчик, 2 МТЗ - 80 тракторлары жұмыс істеп жатыр. Инертті материалды апарып қойдық, техника бізде дайын. 

Оқу-жаттығу өткізуге белгіленген орындарда табиғи апатқа қарсы тұру амалдары көрсетілді. Бөгеттер көтеріліп, далалы жерлер мен жолдарда су жүретін құбырлар тазартылды. Жалпы облыс бойынша өткен оқу-жаттығуға 600 адам, 200-ге  тарта арнайы техника бірлігі жұмылдырылды. Ұлттық ұланның сарбаздары да атсалысты. 

Ернұр Өтегенов, облыстық ТЖД басшысы:

- Осы жаттығу аясында қар шығару жұмыстары бүкіл су құбырлары немесе қауіп төнетін, елдімекендердегі бүкіл су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу. Өздеріңіз білесіздер облыс бойынша 31 елдімекен қауіп-қатер деңгейі анықталып отыр. Бірақ қазіргі ауа райының болжамына байланысты бұл жағдайлар өзгеруі мүмкін. Көбею жағдайына әкелуі мүмкін. 

Төтенше жағдай болған аймақтан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру оқу –жаттығу шараларының ең жауапты кезеңі. Ол үшін қысқа мерзімде штаб құрылып, эвуакуациялық пункт дайындалады. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Автобустармен қауіпсіз жерге жеткізілген тұрғындардың тізімі жасалып, тіркеуге алынады. Қажет болса оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Су тасқынынан зардап  шеккен аймақ қалпына келтірілгенге дейін адамдар  жайлы жерге қоныстана тұрады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы